Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады – Тоқаев

19 Мамыр 2023, 11:00 617

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы алдымен Сиань қаласында өтіп жатқан басқосудың символдық мәніне тоқталды. Себебі Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған.

Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан, Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді, - деді Тоқаев.

Президент Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастырудың маңыздылығын тілге тиек етіп, Қазақстан бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін айтты. Осы орайда өзара ынтымақтастықтың басты бағыттарына тоқталды. Соның ішінде тауар айналымын арттырып, электронды сауда саласында алыс-берісті жақсарту жайы сөз болды.

Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз, - деді ол.

Орталық Азияның Қытаймен сауда-саттығы қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетсе, оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Мемлекет басшысы Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік мол екенін айтты. Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын пайдаланатыны да сөз болды.

Қытайдың «Alibaba Group», «JD COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды, - деді Президент.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: