«Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттырамыз – Президент

19 Мамыр 2023, 11:14 900

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен Қытай арасында өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды. Президенттің сөзіне қарағанда, бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қытайдың атсалысуы жобалардың табысты болуына септігін тигізері анық. Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн, - деді Тоқаев.

Одан қалды мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамыту жайы да сөз болды. Президент еліміздің «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырғанын еске салды. Әңгіме қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырлары жайлы.

Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтілмек. Мемлекет басшысы бұл бағытта да Қытай қолдау көрсететіндігіне сенім білдірді.

Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз, - деді Президент.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: