Қазақстан Қытайда өндірілген автокөліктерді ең көп сатып алатын әлемдегі он елдің қатарына қосылды. Соңғы жылдары отандық нарықта қытайлық брендтердің үлесі айтарлықтай артты. Бұған қолжетімді баға, заманауи дизайн және бай комплектация негізгі фактор болып отыр. Алайда көлік сапасына қатысты қоғамда әлі де екіұдай пікір бар.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бұл мәселе бойынша нақты баға беруге асықпайтынын айтады. Оның сөзінше, өзі көлік жүргізбегендіктен, қытайлық автокөліктердің сапасын жеке тәжірибесіне сүйеніп бағалау қиын.
Мен өзім көлік айдай алмаймын, ешқашан айдап көрмегенмін. Осы жасыма келгенше бірде-бір көлікті өз атыма рәсімдеп, жүргізіп көрген жоқпын. Сондықтан қытай көліктерінің сапасына нақты пікір айту мен үшін қиын, – деді депутат.
Оқи отырыңыз:
Ал Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров қытай көліктерінің сыртқы келбеті мен технологиялық жабдықталуын жоғары бағалағанымен, сапа тұрғысынан әлі де кемшіліктер бар екенін алға тартады.
Қазір көңілім толмайды. Көліктері өте әдемі, барлық комфорт бар. Бірақ Қытайға Жапония мен Корея деңгейіне жету үшін тағы шамамен он жыл қажет сияқты. Сапа жағынан әлсіздеу, есесіне комфорт тұрғысынан өте күшті, – деді ол.
Өз кезегінде халық қалауы Ермұрат Бәпи қытай көліктерін тікелей айдап көрмегенін, дегенмен техникалық даму қарқынын жоғары бағалайтынын айтты.
Қытайдың көліктерін айдап көрген жоқпын. Бірақ көрші ел болған соң әрі бағасы қазіргі нарық талаптарына сай. Мәселен, Ресейдің көліктерімен салыстырғанда, бұлар әлдеқайда дамыған, техникалық тұрғыда мықты, – дейді.
Ал Айтуар Қошмамбетов Қытай автонарығындағы соңғы он жылдағы серпінді өзгерістерге назар аударады. Оның айтуынша, қытайлық автокөліктер бүгінде тек баға емес, сапа мен дизайн жағынан да бәсекеге қабілетті бола бастаған.
Мен өзім көлік айдамаймын. Үйдегі жолдасымның көлігі – Қазақстанда жасалған. Дегенмен Қытай соңғы он жыл ішінде өте үлкен қадам жасады. Көліктері сапа, дизайн, технология жағынан айтарлықтай мықталып келеді, – деді ол.
Сарапшылар да қытай көліктерінің сапасы мен технологиясын оң бағалауда. «Жалпы жол» жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов бүгінгі қытай көліктерінің сапасын әлемдік стандартпен салыстырды.
Қазіргі таңда Қытайда жиналатын көліктердің сапасы өте жақсы деуге болады. Мұны Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша сатылым көлемінің артуы дәлелдеп отыр. Себебі қытайлық брендтердің артында Volvo, Mercedes-Benz, BMW сияқты әлемдік алыптар тұр. Бұл компаниялар өз бизнестерін тікелей Қытайға көшірді. Сол арқылы әрі атақты брендтер, әрі Қытайда ашылған суббрендтер сапалы көліктер шығара алады. Ең бастысы – құрастыру сапасы әлемдік өндірушілердің стандарттарына сай қатаң бақыланады, – дейді.
Мамандардың айтуынша, Қытай автонарығы тек арзан сегментпен шектелмей, технологиялық әрі сапалы өнім ұсынуға бет бұрған. Қазақстан нарығында бұл үрдіс айқын байқалады: қытай көліктері баға, дизайн және комплектация бойынша тартымды, әрі техникалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті болып отыр. Алдағы жылдары олардың нарықтағы үлесі одан әрі өсіп, бәсекелестікті күшейтеді деп күтілуде.
Бұған дейін автолизинг неге тоқтап қалғандары туралы жазған едік.