«Қазақстан – Қытай» форумында $629 млн-ға ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

27 Маусым, 15:37 1533

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 26 маусымда Үрімші қаласында (ШҰАА, ҚХР) өткен «Қазақстан – Қытай» III аймақаралық форумына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шарада $629 млн-ға ынтымақтастық туралы бірқатар құжатқа қол қойылды.

Осы ірі диалог алаңында Қазақстан мен Қытай өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады. Форумға Қазақстанның 17 облысының, ірі компаниялары мен іскер топтарының және ҚХР-дың 27 өңірінің өкілдері қатысты.

Серік Жұманғарин іс-шараның ашылуында Қытай Қазақстанға инвестиция салу көлемі бойынша төртінші орында тұрғанын айтты.

Қазақстан мен Қытай арасында қарқынды аймақаралық өзара іс-қимыл жасауға барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері үшін үлкен әлеует бар, – деді вице-премьер.

Форум аясында $629,1 млн-ға 17 құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндегі ең ірілері: Алматы облысы мен «TBEA» ААҚ арасында 10 қосалқы станса мен электр жеткізу желілерін салу және жаңарту, электр жабдықтарын өндіру зауытын салу туралы келісімдер, күнбағыс майын жеткізу бойынша үш келісімшарт, «Qazaq Camel» ЖШС мен Xinjang Huaken Dairy Group Co ltd арасында құрғақ түйе сүтін жеткізу туралы келісімшарттар және басқалары бар.

Сол күні Үрімшіде «Экспо Қытай – Еуразия» халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл нарыққа бағытталған сегізінші кәсіби бренд көрмесі. Оның ашылуына Өзбекстан мен Қырғызстан үкіметтерінің басшылары, Қазақстан мен Тәжікстан премьер-министрлерінің орынбасарлары қатысты.

Серік Жұманғарин көрменің ашылуындағы алғы сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың «алтын 30 жылдығының» жаңа парағы жаңа амбициялық мақсаттар қойып отырғанын атап өтті. Олардың бірі – өзара тауар айналымын $100 млрд дейін жеткізу.

260 шаршы метрлік қазақстандық павильон «ЭКСПО Қытай – Еуразия» көрмесінде қонақтар павильондары арасындағы ең ірісі болды. Мұнда 42 отандық компанияның экспорттық тауарлары орналастырылған. Біздің еліміз негізінен азық-түлік өнімдерін ұсынды. Қазақстандық павильонның ұйымдастырушысы Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығы болды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: