03.02.2026
10:08
1165
Қазақстан қысқы Азия ойындарын екінші рет қабылдайды

Қазақстан қысқы Азия ойындарын екінші рет қабылдайды

Қазақстан қысқы Азия ойындарын екінші рет қабылдайды. Азия олимпиадалық кеңесіне сілтеме жасаған Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі 2029 жылғы Азиада Қазақстанда өтетінін мәлімдеді. Ал жарысты өткізу туралы негізгі келісімшартқа 5 ақпанда Милан қаласында қол қою жоспарланған.

Бастапқыда қысқы Азия ойындарын Сауд Арабиясында салынып жатқан Неом қаласы қабылдауы тиіс еді. Неом – болашақтың «ақылды қаласы» ретінде ұсынылған ауқымды әрі футуристік жоба. Ұзындығы 170 шақырымға созылатын, көлік қозғалысы жоқ, шөл далада бой көтеретін мегаполисте 10 миллионға жуық адам тұрады деп жоспарланған. Ал қала құрылысына бөлінетін инвестиция көлемі 500 миллиард доллардан асады.

Неомда 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатына арналған 46 мың орындық стадион салу да көзделген. Оның басты ерекшелігі – ойын алаңының жер бетінен 350 метр биіктікте орналасуы. Сонымен қатар қала маңында Тройена атты жасанды тау-шаңғы курортын іске қосу жоспарланған болатын.

Алайда құрылыс жұмыстары жоспарланған мерзімнен едәуір кешігіп жатыр. Соның ішінде Тройена курортын 2029 жылға дейін пайдалануға беру мүмкін болмайтыны анықталды. Осыған байланысты өткен аптада Сауд Арабиясы үкіметі қысқы Азиаданың Неомда өтпейтінін ресми түрде мәлімдеді. Нәтижесінде Азия ойындарын қабылдау құқығы Қазақстанға берілді.

Алғашқы Азиадада Қазақстан көш бастаған

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін Азиаданы 2011 жылы қабылдаған. Ол кезде ойындар Астана мен Алматы қалаларында қатар өтті. Бұл шешім 2007 жылдың 29 қазанында Азия олимпиадалық кеңесінің сессиясында қабылданып, Қазақстанның Азия ойындарының географиясын кеңейту жөніндегі өтініші қолдау тапқан болатын.

2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты Астанада, ал жабылу рәсімі Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Елорданың спорт нысандарында мәнерлеп сырғанау, ерлер хоккейі, конькимен жүгіру және шорт-трек жарыстары ұйымдастырылды. Ал Алматыда шаңғы жарысы, тау шаңғысы, трамплиннен секіру, биатлон, шаңғыдағы спорттық бағдарлау, сондай-ақ бенди мен әйелдер хоккейі өткізілді. Ойындарға 26 елден келген спортшылар қатысты.

Қысқы Азиада-2011-ді өткізуге жұмсалған жалпы шығын 1,682 миллиард долларды құрады. Оның 1,4 миллиард доллары спорттық және өзге де инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуға бағытталса, жарысты тікелей ұйымдастыруға 282 миллион доллар жұмсалды. Сондай-ақ бұл ойындар аясында Азиада тарихында алғаш рет Олимпиада алауының толыққанды эстафетасы өткізілді. Эстафета 20 күн ішінде Қазақстанның барлық өңірін аралап, оған мыңнан астам адам қатысты. Ал арнайы гимннің әуенін композитор Ерұлан Қанапиянов, мәтінін ақын Шөмішбай Сәриев жазса, әнді халық әртістері Роза Рымбаева мен Әлібек Дінішев орындады.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 70 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Оның ішінде 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлде бар. Осы нәтижемен ұлттық құрама Азиада тарихындағы алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартты. Бұған дейінгі рекорд 1986 жылы Саппорода Жапония құрамасына тиесілі болған – 29 алтын.

Ал Алматыдағы аламанда Күншығыс елінің өкілдері 54 медаль (13 алтын, 24 күміс және 17 қола) еншілесе, Оңтүстік Корея өкілдері 38 медаль (13 алтын, 12 күміс және 13 қола) иеленді. Қытай 35 медальмен (11 алтын, 10 күміс және 14 қола) төрттікке енсе, Моңғолия 5 медальмен (1 күміс және 4 қола) алғашқы бестікті түйіндеді.

Қысқы Азия ойындары төрт жылда бір өтеді. 2025 жылы бұл доданы Харбин қабылдаса, 2021 жылы пандемияға байланысты ұйымдастырылған жоқ.

Бұған дейін қысқы Азиададаны қабылдаған қалалар:

  • 1986 - Саппоро
  • 1990 - Саппоро
  • 1996 - Харбин
  • 1999 - Канвондо
  • 2003 - Аомори
  • 2007 - Чанчунь
  • 2011 - Астана мен Алматы
  • 2017 - Саппоро және Обихиро
  • 2025 - Харбин

Алматы қаласындағы қысқы спорт түрлеріне арналған инфрақұрылым Азиада-2011 мен Универсиада-2017 қарсаңында толық жаңартылған. Сонымен қатар қала 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болғанымен, дауыс беру қорытындысында Бейжіңге жол берген еді.