22.02.2026
17:44
1523
Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиаданы жалғыз жүлдемен аяқтады

Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиаданы жалғыз жүлдемен аяқтады

Италия төрінде өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары бүгін ресми түрде мәресіне жетеді. Көпкүндік дүбірлі дода Милан мен Кортина-д’Ампеццо ареналарында жабылу салтанатымен қорытындыланып, Олимпиада алауы сөндірілмек. Салтанатты шарада спортшылар шеруі, жалаулар рәсімі және келесі ойындардың қожайынына Олимпиада туын табыстау дәстүрі өтеді.

Қазақстан құрамасы бұл Олимпиаданы бір алтын медальмен аяқтады. Ел қоржынына жалғыз әрі тарихи жүлдені мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салды. Ол ерлер арасындағы жарыста топ жарып, қысқы Олимпиада тарихында осы спорт түрінен чемпион атанған тұңғыш қазақстандық ретінде ел шежіресіне енді. Бұған дейінгі ең үздік нәтиже 2014 жылы Сочиде марқұм Денис Тен иеленген қола медаль болатын.

Шайдоровтың жеңісі – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиададағы алтын медальдардың жалғасы. 1994 жылы Лиллехаммерде шаңғышы Владимир Смирнов ел қоржынына тарихи алтын салған еді. Содан бері араға ұзақ жылдар салып, Қазақстан қайтадан қысқы ойындардың ең биік тұғырынан көрінді. Осылайша құрамамыз 1994 жылдан бері алғаш рет алтын медаль жеңіп алып, қысқы Олимпиада тарихындағы екінші үздік нәтижесіне қол жеткізді.

Жалпы медаль кестесінде Қазақстан 19-орынға тұрақтады. Көш басында Норвегия құрамасы болса, екінші орынға АҚШ жайғасты, ал үздік үштікті Нидерланд түйіндеді.

Тәуелсіздік жылдарындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, 1994 жылы Қазақстан бір алтын, екі күміс алып, 12-орыннан көрінген. 1998 жылы екі қола бұйырса, 2002 және 2006 жылдары жүлдесіз қалды. 2010 жылы бір күміс, 2014 жылы бір қола, 2018 жылы тағы бір қола еншіленді. 2022 жылғы ойындарда медаль бұйырмаған еді.

Осы тұрғыдан алғанда, Италия Олимпиадасы Қазақстан үшін табысты болды деуге толық негіз бар. Бір алтын – ел спортына жаңа серпін, жас буынға жігер. Бүгінгі жабылу салтанаты тек төртжылдықтың қорытындысы ғана емес, қазақстандық спортшылар үшін жаңа белестерге бастар меженің бастауы болмақ.