Қазақстан құрамасы Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға аттанды

17 Шілде, 14:55 805

Қазақстан ұлттық құрамасын Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шара Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында өтті. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!, - деді Ермек Маржықпаев.

Еске салайық, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: