«Қазақстан қантты Ресейден алады». Министр еліміздегі қант қоры жайлы айтты

4 Қыркүйек, 16:00 432

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев отандық нарықта қант тапшылығы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер министрден «Біз қанттың әлі де көп бөлігін импорттап отырмыз ба?» деп сұрады.

Бізде баяғы 4 зауыт бар, жаңасы салынбады. Биыл қант қызылшасын көп жинаймыз, төрт зауыт арқылы өзімізді 40 пайызға қамтамасыз етеміз. Қалған 60 пайызын Ресейден, көршілес елдерден импорт ретінде аламыз. Бұл мәселені шешу үшін екіжылдық кешенді жоспар бар. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жоспар бар, - деп жауап берді ведомство басшысы.

Министрдің сөзінше, бүгінде маңызды мәселенің бірі – өзімізде шығарылған қызылшаны қайтадан өңдеу.

Биыл 600 мың тонна егін жинаймыз. Қай зауыттың қайта өңдеу мәселесін шешетіні алдағы уақытта қарастырылады. Негізінен қазір қанттың бағасы тұрақты. Біздің нарықта ешқандай тапшылық жоқ, - деп толықтырды Арман Шаққалиев.

Шаққалиев 2026 жылға дейін ішкі нарықты қантпен 70-80 пайызға дейін қамту жоспары тұрғанын айтты.

Миражан Махан
Бөлісу: