Қазақстан президентінің Германияға сапарынан не күтуге болады?

28 Қыркүйек 2023, 10:00 1434

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28-29 қыркүйек күндері Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барады. Алдын ала ресми ақпараттар бойынша, президент Берлинде Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізеді. Сонымен қатар президент Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысады деп жоспарланып отыр.

Орталық Азияға қызығып отырғандар көп

Тоқаев бұл сапардан бұрын 2019 жылдың 5-6 желтоқсанда Берлинге, сондай-ақ 2020 жылдың 14-16 ақпанда Қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу шеңберінде Мюнхенге ресми сапармен барған еді. Дегенмен әр сапардың өз ерекшелігі, ресми, саяси мәні болады. Қазақстан Президентінің дәл осы жолғы сапарынан не күтуге болады? Бұл туралы еліміздегі саясаттанушы, сарапшылардың пікірін білген едік.

Дипломат, саяси сарапшы Қазыбек Бейсебаевтың пікірінше, қазір Орталық Азияға қызығып отырғандардың қарасы көп. Оның Қазақстан үшін пайдалы тұстары да жоқ емес екен.

Есіңізде болса, осы жылдың мамыр айында Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшысы Ресейге барды. Сол кезде елдің көпшілігі «президенттер 9 мамыр - жеңіс күніне орй өткізіліп жатқан әскери парадқа барды» деп ойлады. Бірақ ол кездесудің негізгі басымдығы басқада еді. Одан кейін дәл осы бес президент 19 мамырда Қытайда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. 20 қыркүйекте АҚШ-қа ресми сапармен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. Осы шаралардың барлығына да Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев барды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да Германияға жалғыз бармайды. Яғни, әлемнің Орталық Азияға деген қызығушылығы бұрынғыдан да артты деген сөз. Әлемдегі дамыған алпауыт елдердің барлығы Орталық Азиямен экономикалық, дипломатиялық тығыз қарым-қатынаста болғысы келеді. Бұл біз секілді дамушы мемлекеттің экономикасы үшін өте тиімді. Сондықтан мемлекет басшысының Германияға кезекті сапары екі ел арасында бұған дейін қалыптасқан экономикалық, дипломатиялық қатынастарды одан әрі нығайтады деп сенемін, - дейді Қазыбек Бейсебаев

Расында да дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін Германия сынды нарықтағы беделі жоғары елмен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылдың 31 желтоқсанында – Германия Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады. Ал 1992 жылы 11 ақпанда дипломатиялық қатынастар орнатылды. Германияның Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстан деген көзқарасы ешқашан қырын болған емес. Мәселен, 2007 жылы ЕО-ның Орталық Азиямен әріптестік жөніндегі стратегиясын әзірлеуге бастамашы болды, 2019 жылғы 17 маусымда Еуропа Кеңесі қабылдаған «ЕО және Орталық Азия: неғұрлым мықты әріптестік үшін жаңа мүмкіндіктер» атты жаңа стратегиясын әзірлеуге белсенді қатысты. Сонымен қатар Қазақстан мен Германия БҰҰ, БҰҰ АҚК (Адам құқықтары жөніндегі кеңесі), ЕҚЫҰ секілді бірнеше халықаралық ұйымдардың шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасауда.

Мемлекет басшысының әрбір шет елдерге сапары кезінде елдің экономикалық мәселелерін шешу, елге инвестиция тарту, инфрақұрылымдық жобаларды дамыту секілді біраз шаруалыр реттеліп тұрады. Президенттің Германияға кезекті сапары да 90% бәлкім 100% экономикалық бақытта болады деп ойлаймын. Себебі бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келдген еді. Сапар аясында екі мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде «Қазақстан темір жолы» — көлік-логистикалық холдингі мен Маңғыстау облысындағы Құрық портына барып, «Орта дәліздің» қазақстандық көлік-логистикалық жобаларымен танысты. Себебі бұл дәліздер Еуропа мен Қытайды байланыстыратын ең төте жол. Германияны Еуропадағы көшбасшы ел ретінде танысақ, бұлай қызығушылық танытуы бекер емес. Және бұл біздің мемлекет үшін де үлкен мүмкіндік болмақ, - дейді сарапшы Талғат Қалиев.

Оның айтуынша Германия астық импорттаудан алдыңғы қатардағы мемлекет. Ал оны экспорттап отырған Ресей мен Украинада қазір жағдай мәз емес. Сондықтан Қазақстан үшін бұл да үлкен мүмкіндік болмақ.

Алайда бізге бұл саланы дамыту үшін заманауи жаңа техника мен астықтың жаңа сұрыптары керек болады. Германиямен осы бағытта бірлесіп жұмыс жасауға болар еді. Оның үстіне батыс елдері  Орталық Азияға қызығып отыр. Оның себебі де белгілі, Ресейдегі саяси ақуал қиындағанан кейін басқа нарық іздей бастады. Бізде астық та, мұнай да, түрлі жер асты қазба байлықтары да жеткілікті. Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз тек шикізаттарды экспорттай бермей, оны өңдеп, дайын тауар шығару керек екенін айтты. Осы бағытта елімізде Германиямен бірлескен зауыттар ашса, білім саласында да екіжақты келісімдер болып, біздің студенттерді теген оқытуға мүмкіндік болса нұр үстіне нұр болар еді, - дейді Талғат Қалиев.

Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің пікірінше де Тоқаевтың бүгінгі сапары қазақ-неміс арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге шығарады.

Президентіміз қыркүйектегі жолдауында экономикалық саясатты жүзеге асыруға, оның ішінде еліміздегі өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аудару керек екенін ескертті. Яғни, мұнай, газ, астық секілді шикізатты өндіріп қана қоймай, оны толықтай өңдеп, дайын тауар шығаруға басымдық берілетінін айтты. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Германия арасында жасыл экономика бағытынды әріптестік жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ жолдауда айтылған Қазақстандағы кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізу бойынша да екі ел арасында келісім бар. Ал сауда саттық мәселесіне келетін болсақ, бүгінде Германияның Орталық Азиямен саудасының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қазақстанның шығыс пен батысты байланыстырып отырған негізгі дәліз екенін ескерсек, қазақ-неміс арасындағы әріптестіктің жаңа деңгейге шығатынына сенім білдіруге болады, - дейді Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов.

Германия – сапаның символы

Әлемнің бір де бір елі немістердің шығарған тауарына шағым айтып көрмеген шығар, Себебі, Германия – сапаның символы. Олар шығаратын көліктердің өзі әлемдік бәсекеде ешкімге дес бермей келеді. Қаржы министрілігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ҚР мен ГФР арасындағы екіжақты тауар айналымы 2021 ж. 2,21 млрд долларын құраған екен. (экспорт – 398,4 млн., импорт – 1,81 млрд.), Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,8%-ға жоғары дегенді айтады. Яғни, екі ел арасындағы тауар айналымы жыл өткен сайын ұлғайып келе жатыр деген сөз. 

Қазақстан Германияға негізінен көмірсутектер, ферроқорытпалар, сутектер, инертті газдар, күміс, мыс экспорттаса, дәрі-дәрмектер, ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау және үгіту машиналарын, медицинада қолданылатын құрал-жабдықтарды, автокөліктер, арнайы мақсаттағы жабдықтар мен механикалық құрылғыларын импорттайды. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен жетіжүзге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: