Қазақстан мен Ресей білім саласындағы ынтымақтастықты арттыра түсті. Бұл туралы мемлекет басшысы «Известия» басылымындағы мақаласында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент елімізде ресейлік ЖОО филиалы, тиісінше көрші мемлекетте отандық университет өкілдігі ашылатынын айтты.
Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз.
Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар. Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар, - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы да сөз қозғалды.
Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді. Ұйым орыс тілін қолдау және оны насихаттау үшін ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту мәселесімен айналысатын болады. Бұл қадам халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті, этносаралық келісімді, өзара түсіністік пен сенімді нығайта түседі деп сенемін, - деп жазды президент.