Қазақстан полициясы көлік жүргізушілеріне үндеу жасады

10 Қараша, 20:05 396

Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Құбылмалы ауа райы сақталып отырған Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары, сондай-ақ елордадағы трассаларда тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр.

Боран мен көктайғақ салдарынан жолдарда қауіпті жағдайлар туындауы мүмкін. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыстың барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Көру мүмкіндігінің азаятынын ескере отырып, жылдамдықты асырмауды сұраймыз. Маневр жасаудан аулақ болыңыздар, көліктер арасындағы ара қашықтықты сақтаңыздар. Жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде жүргізушілер өте мұқият болуы тиіс. Автокөліктің техникалық жағдайын тексеру және қысқы доңғалақтарды пайдалану - өте маңызды. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алыс сапарға шықпаңыздар. SMS-хабарландырулар мен ресми дереккөздердегі ақпаратты назардан тыс қалдырмаған жөн. Жол жүрісі қағидаларын сақтау – қауіпсіздік кепілі. Төтенше жағдай орын алса, 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметке, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыздар, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары қарапайым ережелерді ұстану оқыс оқиғалардың алдын алатынын еске салды.

Зарина Арман
Бөлісу: