Қазақстан орыс тілін қолдайтын халықаралық ұйым құрмақ

27 Қыркүйек 2023, 13:15 1615

Қазақстанда орыс тілін қолдау және насихаттау жөніндегі халықаралық ұйым құрылады. Жарлық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжатты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы жобасы ашық талқылауда бір күн болады.

Жарлық жобасында жаңа халықаралық ұйым құру туралы шарт жобасы бар. Бұл құжатқа қол қою ТМД елдері Мемлекет басшылары кеңесінің 2022 жылғы 14 қазандағы шешімін жүзеге асыруды білдіреді.

Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД жанынан орыс тілін қолдау және насихаттау жөніндегі ұйым құруды ұсынды. ТМД елдерінің, соның ішінде Ресей президенттері оның бастамасын қолдап, мемлекеттік органдарға ұйымның қызметін реттейтін құжаттарды әзірлеуді тапсырды.

Жарлық жобасында ұйымның мақсаты мемлекетаралық қатынас тілі және қарым-қатынас құралы ретінде орыс тілін қолдау және насихаттау мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайту екені жазылған.

Жоба ратификациядан өткен соң, оны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан қаржы бөлінеді.

2023 жыл ТМД елдерінде 2023 жыл орыс тілі жылы болып жарияланды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: