Қазақстан Оңтүстік-Қытай кітап жәрмеңкесіне қатысты

Қазақстан Оңтүстік-Қытай кітап жәрмеңкесіне қатысты

Қытайдың Гуанчжоу қаласында Оңтүстік-Қытай кітап жәрмеңкесі-2025 аясында Орталық Азия елдерінің павильонының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітапісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан және Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы бас консулы Валихан Сарсембеков қатысты.

Ведомство мәліметінше, жәрмеңке шеңберінде Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның  Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің, сондай-ақ «Beijing Glize Cultural Media Co., Ltd.» компаниясының қолдауымен Қазақстанның ұлттық павильоны таныстырылды.

Павильонда қазақстандық жетекші баспалардың басылымдары, қытай әдеби шығармаларының қазақ тіліне және қазақстандық авторлардың шығармаларының қытай тіліне аудармалары, сондай-ақ Қазақстанның сауда-экономикалық және туристік әлеуеті туралы ақпараттық материалдар ұсынылды. Экспозиция қытайлық көрермендердің зор қызығушылығын тудырды.

Жәрмеңке аясында «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» және «Абай. Өлеңдер мен поэмалар» атты жаңа басылымдардың тұсаукесері өтті. Бұл еңбектер ұлы ақын мұрасын кең оқырман қауымға насихаттауға бағытталған. Іс-шараға Гуандун провинциясы насихат департаментінің өкілдері қатысты.

Оңтүстік-Қытай кітап жәрмеңкесі 19 тамызға дейін жалғасады. Жәрмеңкеге Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Германия, Мысыр, Катар, Қырғызстан, Малайзия, Нидерланд, Өзбекстан, Польша, Сингапур, Таиланд және Франция елдерінің баспалары мен мәдени ұйымдары қатысуда.