Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр – Тоқаев

29 Қыркүйек 2023, 09:00 995

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыштар өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты IT технология саласы бола алады. Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді.

Біз IT өнімдер мен қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды және 2025 жылға қарай жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті 100 мың IT маман дайындау арқылы адами капиталды нығайтуды жоспарлап отырмыз. Біз германиялық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, білім беру, байланыстар және басқа да өзекті салалардағы жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді мемлекет басшысы.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: