Қазақстан One Water Summit аясында 5 негізгі бастама ұсынды

5 Желтоқсан, 08:31 703

Қазақстан One Water Summit аясында су ресурстары саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша 5 негізгі бастама ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Президентінің Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкіл Зүлфия Сүлейменова еліміздің су саясаты және экологиялық ынтымақтастық бағытындағы жоспарымен бөлісті.

Атап айтқанда, Қазақстан БҰҰ-ның су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамасын ратификациялауға ниетті. Бүгінде еліміз трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ Конвенциясының, сондай-ақ Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы БҰҰ Конвенциясының қатысушысы болып табылады. Францияның даму агенттігімен бірлесіп әзірленген ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру бағдарламасын іске асыру – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам болады.

Негізгі бастамалардың бірі – Қазақстанның экожүйені сақтауға бағытталған Freshwater Challenge жаһандық бағдарламасына қосылуы. Аталған бағдарлама аясындағы алғашқы жоба Науырзым қорығындағы Ақсуат көлдер жүйесін қалпына келтіруді көздейді.

Сондай-ақ, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда Солтүстік Арал мен Сырдария өзені атырабының инфрақұрылымын дамытуға және гидрологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайды қолдауға бағытталған Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр. Балқаш көлі де назарда. Еліміздегі ірі жеке компаниялардың бірі «Қазақмыс» Балқаштың экожүйесін, сондай-ақ іргелес сулы-батпақты жерлерді сақтауға және қорғауға 5 млн доллар көлемінде қаржы бөледі.

Ел ішіндегі су айдындары да көңіл бөлуге лайық. Солардың бірі – теңдесіз Балқаш көлі. Оның суының жартысы тұзды, ал қалған бөлігі тұщы. Оңтүстік бөлігі Рамсар конвенциясының сулы-батпақты аймағына жатады. Қазақстанның жетекші жеке компанияларының бірі — «Қазақмыс» корпорациясы көлдің экожүйесін сақтауға бағытталған жобаларға 5 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлетінін жариялағым келеді. Біз жеке сектор өкілдерінің климаттық сын-қатерлермен күресуге батыл шешім қабылдап, су экожүйесін сақтауда белсенділік танытқандарын мақтан етеміз, - деді Сүлейменова.

Айта кетейік, One Water Summit алаңдарында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) арасында үшжақты келісімге қол қойылды.

Зарина Арман
Бөлісу: