Кезектен тыс президент сайлауында өз учаскесіндегі алғашқылардың бірі болып ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді №66 мектеп-лицейде орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Фото: EL.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дауыс беруге жұбайымен бірге барғанын жазды.
«Бүгін ел қатарлы сайлау учаскесіне барып, жұбайым екеуміз дауыс бердік. Ел ертеңі үшін өз таңдауымызды жасадық. Себебі сайлауда әркімнің дауысы маңызды деп есептеймін. Туған еліміз - Қазақстанымыздың ішкі мәселелерін сырттан ешкім шешпейтінін, мемлекетімізді бізден басқа ешкім дамыта алмайтынын мойындайық. Барлығы өз қолымызда. Өз елінің саналы, кемел, белсенді азаматы болу – нағыз патриотизмнің көрсеткіші. Бұл үлкен жауапкершілік», - дейді Саясат Нұрбек.
Фото: facebook.com/sayasat
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов де отбасымен барып дауыс берді.
Министр елдегі бүкіл педагогтер мен білім саласының қызметкерлерін, студенттерді, барша қазақстандықтарды сайлауда өз таңдауын жасауға шақырды.
Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин дауыс беруге баласын көтеріп барды.
«Бүгінгі таңымыз азаматтық борышымызды өтеуден басталды. Кішкентайымызбен бірге сайлау учаскесіне барып, еліміздің болашағы үшін өз дауысымызды бердік», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Фото: instagram.com/bagdatmussin
Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзі тіркелген сайлау учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келгенін жазды. Оның пайымынша, президент сайлауында әркімнің дауысы маңызды.
«Бүгін біз бүкіл ұлтымыз бен мемлекетіміз үшін еліміздің азаматтарының өркендеуі мен әл-ауқатының іргетасына айналатын реформалар мен өзгерістерді қолдап, шешуші таңдау жасаймыз», - деп жазды министр.
Фото: facebook.com/Giniyat Azhar