Қазақстан мен шетел медицинасының айырмашылығы қандай?

2 Ақпан, 16:27 3065

Еліміздегі медицина саласына сын айтатындар көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі расымен тиімсіз бе? Қазақстан мен шетелдегі медицина саласында айтарлықтай алшақтық бар ма? Осы сұрақтарға EL.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жауап іздеп, АҚШ, Түркия мен Қытайда тұратын отандастарымызбен тілдесіп, сол мемлекеттердің медицинасы туралы сұрады.

Айжан Кәрібаева АҚШ-та 2021 жылдан бері тұрып жатыр. Ол үшінші баласын мұхиттың ар жағында босанған.

Үшінші балама жүкті болғаннан босанғанға дейін осы елдің ауруханасына қаралдым. Ай сайынғы тексерістер, босану процесі, одан кейінгі күтім де жергілікті ауруханада жүргізілді. Айырмашылық өте көп, артықшылығы да, кемшілігі де бар. Кемшілігі деп Қазақстандағыдай қарапайым анализ тапсырып, нәтижесіне оңай қол жеткізе алмауды айтар едім. Біздің елімізде жекеменшік неше түрлі қан тапсыру лабораториялар бар емес пе? Бұл жақта анализ тапсыру үшін алдымен терапевтке жазыласың, ол арнайы маманға жібереді, одан кейін тек қатты қажетті жағдайда анализге жұмсайды, - дейді Айжан.

Отандасымыз АҚШ медицинасының артықшылығына да көз жеткізіп отыр.

Ауыр диагноздарда АҚШ медицинасының артықшылығы анық байқалады. Өзім қаралған медициналық мекеме ең озық технологиямен жабдықталған. Әсіресе мен тұратын Бостонның педиатриясы әлемнің ең үздігі саналады. Мұндағы дәрігерлер Гарвардты тәмамдаған, - дейді ол.

Әр ауруханада social worker, яғни әлеуметтік жұмысшылар бар екен. Ол медициналық көмектен бөлек, әлеуметтік жағдайлар бойынша қолдау білдіруге дайын.

Олар жеңілдігі бар мемлекеттік бағдарламаларды тауып береді. Паркинг мәселесі, тамақтану, балаларды дамыту бағдарламалары жөнінде қосымша ақпарат ұсынадц. Тіпті психологиялық көмекті қажет етсең, оған да қол жеткізе аласың. Мені таңғалдырғаны жүкті кезде әр ай сайын келетін тексерісте жүргізілетін сауалнама. Онда «сіз үйде қысым көресіз бе, сырттан, жолдасыңыздан абьюз сезесіз бе, өзіңізді үйде қауіпсіз сезінесіз бе?» деген сұрақтар бар. Егер тексеріске жолдасыңызбен келсеңіз, оны шығара тұрып, әйелдің өзінен жеке сұрайды. Оның бәрі әйел және бала құқығын қорғау болып саналады, - дейді Айжан.

Отандасымыздың айтуынша, АҚШ-та балалар құқығы ерекше қорғалған. Өзі тұратын Массачусетс штатында барлық 5 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге тегін медициналық қызмет көрсететінін айтады.

Онымен қоса ай сайын дұрыс тамақтану бағдарламасы бойынша пайдалы азық-түлік түрлерін ваучер ретінде беріп отырады. Баланы емізу, дамыту, қарау жағынан барынша көмек, қолдау көрсетеді. Тіпті көлікке салатын автоорындықты да қалай дұрыс орнататыны жайлы зум вебинар өткізіп, сол балалар орындығын тегін әкеп беретін бағдарламасы бар, - дейді Айжан.

Түркия елінде бірнеше жылдан бері тұрып келе жатқан Сағыныш Назар ондағы медицинаның жақсы дамығанын айтады.

Түркияның медицинасы Еуропа мен АҚШ-тан еш кем түспейді. Мұнда медицина факультетіне түсу, оқу, оны аяқтау  қиынның қиыны. Мен білетін көп адам оқуға түскенімен, оны бітіре алмады. Бұл елдің әрбір ауруханасы соңғы технологиямен жабдықталған. Дәрігерлері өте білікті. Естіп те жатқан боларсыз, біздің елімізден осында келіп қаралатындар, дертіне шипа іздегендер жетіп артылады.  Тек отандастарымыз емес, ем алу үшін АҚШ пен Еуропадан да келіп жатқандарды білемін. Қазір Түркияда ақша құнсыздану процесі жүріп жатыр, сондықтан да, ақылы медицинасы доллармен шаққанда айтарлықтай арзанға шығады,- дейді Сағыныш.

Сонымен қатар, Түркияда медициналық сақтандыру да жақсы жолға қойылған екен.

Медициналық сақтандыру мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндердің барлығында бар. Егер сақтандыруыңыз болмаса, ақылы дәрігерлерге қаралуға болады. Ол сырттан келгендер үшін арзан болғанымен, жергілікті халыққа қымбаттау, - дейді ол.  

Сағыныш анасын Анадолы еліне жылына екі рет апарып, толық медициналық тексеруден өткізіп тұратынын айтады. Дәрігерлер препаратты атын атап қана тағайындамай, граммен өлшеп береді дейді ол.

Қытайда оқып келген Маржан Ақиқатты аспан асты елдің медицинасындағы сервис таңғалдырған.

Қытайда дәрігерге арнайы бірнеше рет бардым.Шетелдік болғандықтан, ақылы қаралдым. Ақшасы да аз болған жоқ. Соған орай, барлығы да жақсы өтті, мәселем шешілді, - дейді ол.

Маржанның айтуынша, анализ тапсырғанда, дәрі алғанда алдыңда жүз адам тұрса да кезек жылдам келеді.

Медициналық мекемеге кіретін кезде қолыңа карточка береді. Ішіне ақшаңды саласың да, дәрігерлерге бара бересің. Олар сол карточкадан қажет қаражатты шешіп алады. Сол сияқты дәрі тағайындағанда, қағаз алып дәріханаға барудың қажеті жоқ. Медициналық мекеменің бірінші қабатындағы дәріханада кезек күтесің. Атыңды айтып шақырады да, дәрігер тағайындаған перпараттарды қолыңа өздері береді, -дейді отандасымыз.

Қытайда өздерінің азаматтары үшін мемлекеттік және бизнес сақтандандыру бар. Мемлекеттік сақтандыруға 13 мың теңге көлеміндей қаражат салса, бизнестік түріне 1,5 миллон теңге төлейді екен.

Мемлекеттік сақтандыру егер ауырып қалған жағдайда шығыныңның 70-80% көтереді. Жеке бизнес сақтандыру барлық шығыныңды өтейді екен. Сол сияқты Қытайда дәрі бағасы Қазақстанмен салыстырғанда әлдейқайда арзан, - дейді Маржан Ақиқат.

Отандасымыз аспан асты елінде емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы тегін медициналық көмек алу деген мүмкін емес дейді. Қандай жағдайда да науқастың қалтасы қағылады екен.  

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: