Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси ынтымақтастық тереңдей түспек

Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси ынтымақтастық тереңдей түспек

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Сербияның сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялардың үшінші кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

СІМ мәліметінше, іс-шара барысында екі елдің дипломаттары саяси ынтымақтастық, сауда-экономикалық байланыстар, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар сияқты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Келесі жылдарға жоспарланған екіжақты іс-шаралар мен сапарлардың күнтізбесін қарастырған. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қазақстанның Сербияны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындығын білдірді.

Сербия делегациясының басшысы, Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йович Қазақстанды Сербияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде және жақында Алматыда өткен Үкіметаралық комиссиясы отырысының (ҮАК) оң нәтижелерін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар екі елдің дипломаттары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар мен халықаралық ұйымдар аясындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға ниет танытқан. 

Тараптар сыртқы істер министрліктері арасында белсенді және нәтижелі диалогты жалғастыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісіп, ҮАК пен Іскерлік кеңестің кезекті отырыстарын өткізудің, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі дамытудың маңыздылығын назарға алып отыр.