Қазақстан мен Ресейдің мәдениет министрлері ынтымақтастық мәселелерін талқылады

13 Қыркүйек, 15:03 350

Біріккен мәдениеттердің X форумы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрі Ольга Любимова кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындыққа қатысты келісімдерді талқылау болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы үшінші Ұлттық құрылтайда атап өткен болатын. Президент дайындықты бастауға тапсырма беріп, ел қорғаған ерлердің есімін жаңғырту және тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Министрлер осы бағыттағы жұмыстардың бағдарын айқындады.

Сонымен қатар тараптар екі елдің театр мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бейнелеу өнері және анимация саласындағы байланыстарды арттыру мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Ресей көрермендерінің ұлттық киноға деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Бірлескен табысты жобалар, гастрольдер мен халықаралық фестивальдерге қатысу біздің ортақ жетістігімізді дәлелдейді. Біз театр, музей және музыка саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін жүйелі жоспар құра отырып, өзара байланысты нығайта береміз, — деді Айда Балаева.

Кездесуге сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой да қатысты. Ол алдағы маңызды оқиға — «Астана Опера» Қазақ ұлттық опера және балет театрының Ресейдің Үлкен театрындағы гастролін атап өтіп, онда «Абай» операсы сахналанатынын тілге тиек етті.

Кездесу соңында театр және музей ісін, креативті индустриялар мен музыкалық білім беруді одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: