Қазақстан мен Ресей шекарашылары қақтығысып қалғаны рас па?

20 Қыркүйек 2023, 09:11 19105

Әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Ресей шекарашылары арасындағы қақтығыстың салдары түсірілген видео тарап жатыр. ҚР Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Таралған видеода әскери киімдегі адамдар және әскери техника көрсетілген, ал кадр сыртындағы дауыстың айтуынша, қақтығыс Қостанай облысында орын алған, қазір онда техника тартылып жатыр.

ІІМ-нің хабарлауынша, мұның бәрі жалған.

Қазақстан Республикасының ІІМ Қостанай облысындағы шекарадағы арандату туралы әлеуметтік желілерде таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын және жалған болып табылатынын хабарлайды. Видеода биыл 8 қыркүйекте Қостанай қаласы аумағында өткен жоспарлы далалық сабақтарға бара жатқан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан автокөлігінің колоннасы көрсетілген. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: