Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект саласында ынтымақтастық орнатады

8 Қараша 2023, 18:30 775
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки бастаған қазақстандық делегация Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 10 отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Іс-шара Қытай Халық Республикасының Чунцин қаласында өтті. Қытай делегациясын Қытай Ғылым және технологиялар министрінің орынбасары Чжан Гуанцзюнь басқарды.
 
Отырыста делегация басшылары Қазақстан мен Қытайда жүргізіліп жатқан ғылыми-техникалық, инновациялық даму саласындағы саясат туралы ақпаратпен алмасып, ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық бағыттары бойынша ұсыныстарды талқылады.
 
Тараптар Кіші комитеттің 9 отырысы өткізілген сәттен бастап екі елдің ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері ғылым және технологиялар жөніндегі мемлекеттік органдардың қолдауымен ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және биотехнология саласында бірқатар практикалық ғылыми-зерттеу жобаларын өткізгенін атап өтті.
 
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комитетінің 10 отырысының хаттамасына қол қойылды.
 
Сапар барысында Қытайдың ғылыми және инновациялық орталықтары мен зертханаларына бару ұйымдастырылды, олардың арасында автомобиль өнеркәсібінің интеллектуалды желісінің инновациялық орталығы болды. Қалаларды дамытуда жасанды интеллект пен биомедициналық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
 
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Ғылым, технологиялар және инновациялар бойынша «Бір белдеу, бір жол» министрлік кездесуіне қатысты. Оған Сауд Арабиясы, Таиланд, Оман, Малайзия және т. б. сияқты 23 елдің өкілдері қатысты.
Сондай-ақ Қытайдың Шыңжаң Ғылым және технология департаментінің өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: