Қазақстан мен Қытай трансшекаралық өзендерде су бөлу мәселелерін талқылады

1 Қараша, 09:00 280

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен кездесті. Тараптар екіжақты су ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келіссөздер барысындағы басым бағыттың бірі - трансшекаралық өзендерде су бөлу мәселесі. Ол үшін құрамына қос тараптың сарапшылары кіретін арнайы жұмыс тобы жасақталған. Басты мақсат - Іле-Балқаш бассейнін сумен тұрақты қамтамасыз ету, балық шаруашылығы мен туризмді дамыту болып табылады.
 
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы уақытта ҚХР Су шаруашылығы министрлігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға ниетті.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның су инфрақұрылымын бірлесіп жаңғырту және автоматтандыру, су үнемдеу технологияларын әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ Қытайда қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады.

Power China компаниясымен қазақстандық мамандарды Қытайда біліктілік арттыру курстарынан өткізу туралы келісімге келдік. Бүгін талқыланып жатқан бастамалар Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым–қатынасына жаңа серпін береді деп ойлаймын, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде Чжан Сяо мырза Қытай тарапы Қазақстанмен су ынтымақтастығына үлкен мән беретінін және тәжірибе мен технология алмасуды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: