Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

17 Маусым, 20:13 1524

Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси өлкесі Сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы Цзя Чжэнланьмен кездесті, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Шэньси өлкесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, жаңартылған энергия көздері саласындағы инвестициялық жобаларды ілгерілету, қазақстандық электромобильдерді қуаттайтын станцияларын қою мен өндірісін дамыту, сондай-ақ жеке және орта бизнес деңгейінде өзара сенімділікті арттыру амалдарын талқылады.

Бас консул ҚР Шымкент қаласы әкімдігі делегацияның Сиань қаласына жоспарланған сапарын ұйымдастыру мен өзара экспорттық-импорттық тауар айналымын көбейтуде Сауда-өнеркәсіп палатасының белсенді жұмысына ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы Цзя Чжэнлань Бас консулдықпен атқарылып жатқан іс-шаралар мен жүзеге асырылған сапарларды, қол жеткізілген жобаларды атап өтіп, тараптардың белсенділігін екі мемлекет арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің айқын нышаны екенін ризашылықпен атап өтті. Екінші жарты жылдықта бірлескен жұмысты жоспарлы ұлғайту және бастамаларды іске асыру мақсатында жан-жақты қолжетімді мүмкіндіктерді пайдалануға мүдделілік білдірді.

Талқыланған барлық мәселелер шеңберінде Сауда-өнеркәсіп палатасы Бас консулдықпен бірге жоспарлы түрде сауда-экономикалық серіктестікті одан әрі дамытуға күш салатынын мәлім етті.

Перизат Саденова
Бөлісу: