Қазақстан мен Қытай ауылшаруашылығы саласында ынтымақтастады

22 Қаңтар, 22:24 1273

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек бастаған қазақстандық делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары Шаньдун провинциясында қорытындыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрші елдің бұл аймағы ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда көш бастап келеді және ҚХР-дағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болып табылады (АӨК барлық экспортының шамамен 40% -ы).

Қытай тарапының шақыруы бойынша делегация өсімдіктерді қорғау құралдары өндірісіне маманданған SHANDONG A&FINE AGROCHEMICALS GROUP, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар өндірісіндегі «Ицзя» АҚ және биологиялық препараттар зауыты секілді бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Қазақстандық мамандар Аспан асты елінде көкөністер, жемістер және ауылшаруашылық тұқымдарын өсіру бойынша көшбасшы саналатын Shandong Shouguang Vegetable Industry Group Co., Ltd» корпорациясында болды. Делегаттарға 20 мың гектарға жуық жерді алып жатқан алып жылыжай кешендерінің жұмысы қалай жолға қойылғаны көрсетілді.

«Shandong Shouguang Vegetable Industry Group. Co., Ltd» корпорациясының төрағасы Ма Сяомэйге Әбілхайыр Тамабек Қазақстандағы инвестициялық ахуал, жылыжай бизнесін дамыту жоспарлары туралы айтып берді және қытайлық серіктестерге еліміздің аумағында жылыжай құрылысына инвестиция салуды ұсынды. Нәтижесінде тараптар осы саладағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Әбілхайыр Тамабектің пен Шоугуан қалалық комитетінің хатшысы Ли Пэннің кездесуінде екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тарту мүмкіндіктері талқыланды. Партком хатшысы, Шаньдун провинциясының Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ректоры Лян Цзиньгуанмен келіссөздер нәтижесінде өсімдіктерді қорғау саласындағы және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да бағыттарындағы ғылыми қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: