Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда алдағы уақытта 40 млрд долларға дейін жетуі мүмкін

16 Қыркүйек 2023, 20:43 3217

Қытайдың Ухань қаласында алғаш рет қазақстандық тауар өндірушілердің сауда миссиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның Қытайға бизнес-делегациясын ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев басқарды. Ухань қаласындағы іскер топтармен кездесуде ол біздің елдеріміз арасындағы сауданың оң дамуын атап өтті.

Биыл мамыр айынан бастап Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында жетекші орынға ие болды. Тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара тауар айналымы 24 млрд доллардан астам тарихи ең жоғары деңгейге жетті. 2023 жылдың 7 айында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға ұлғайып, 16,3 млрд долларды құрады.

Қытай нарығы біздің өнімдеріміздің тұрақты және талапшыл тұтынушысын білдіреді. Қазақстан Қосымша 135 тауар позициясы бойынша $1 млрд астам сомаға өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының бай ассортиментін ұсынуға дайын, - деді Қайрат Төребаев бизнес-форумда.

Біздің еліміз Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі. ҚР және ҚХР Мемлекеттері басшыларының бағалауы бойынша алдағы жылдары елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі $40 млрд дейін ұлғаюы мүмкін.

Қытайлық сатып алушылар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапасын толық бағалай алды. Азық-түлік Қытай нарығында ең үлкен сұранысқа ие. Мұны сауда миссиясының нәтижелері растауда. Бизнес-кездесулердің қорытындысы бойынша кәсіпкерлер 28 млн долларға ұн, жұмыртқа кеспесі, кондитерлік өнімдер, өсімдік майлары мен жемшөп жеткізуге келісімшарттар жасасты.

Берік Арманов
Бөлісу: