Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық қатынас нығайып келеді

18 Сәуір, 15:18 986

Алып Алатаудың арғы беті мен бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған халық. Айыр қалпақты ағайындармен сауда-саттық байланысы да нығайып келеді. Екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, бүгінде Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің біріне айналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіз даму жылдарында ғасырлар бойғы достық пен тату көршілік байланыстарының мызғымастығын көрсетіп келеді. Екі мемлекет арасында өзара тауар айналымы тұрақты түрде өсуде. 2022 жылы сауда көлемі шамамен 19%-ға ұлғайып, $1,3 млрд-қа жетті. Сонымен бірге 2023 жылы да оң динамика байқалып 7 айда тауар айналымы 13%-ға өсіп, $757 млн-ды құрады.

Сонымен қатар транзит, көлік, коммуникация, туризм және басқа салаларда ынтымақтастық дамып келеді. Өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларында жақсы перспективалар бар.

Еске сала кетсек, 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің кездесуіне арнайы келген Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесуінде мемлекеттер басшылары екі ел үкіметтерінің сауда саласында бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының оң нәтижелерін жоғары бағалаған болатын.

Екі мемлекет тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуді көздейді

Екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға өскенін, екіжақты сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізу мақсаты жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өткен еді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 970,8 млн доллар болып, 2020 жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен (625,2 млн долл.). Экспорт 7,6%-ға (625 млн долл.), импорт 29,2%-ға (345,6 млн долл.) артқан.

2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында тауар айналымы 206,3 млн долларға жетіп, 2021 жылдың жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға (200,6 млн долл.) ұлғайған.

Бүгінде елімізде Қырғызстанның заңды тұлғаларының, филиалдарының және өкілдіктерінің қатысуымен 807 кәсіпорын, сондай-ақ Қазақстан аумағында бірлескен 233, ал Қырғызстан аумағында бірлескен 373 кәсіпорын жұмыс істейді.

2005 жылдан бастап еліміздің Қырғызстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 1,352 млрд долларды, ал Қырғызстаннан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 97,1 млн долларды құрайды.

Былтырғы сауда-саттық 1,3 млрд долларды құрады

Биылғы жылдың басында Қырғыз тарапының шақыруымен Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бішкекке алғашқы ресми сапармен барған еді. Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жәнібек Кулубаевпен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.

Кездесуде министрлер 2023 жылдың 11 айында 1,3 миллиард долларды құраған өзара сауда өсімінің оң динамикасын құптады. Экономикалық әріптестікті кеңейтуге және өзара сауда көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

2024 жылдың 17 сәуірінде Астанада өткен Қазақстан мен Қырғызстанның бизнес-форумы аясында екі елдің бизнес-топтары жалпы сомасы 300 миллион долларды құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойды. Онда күн электр станцияларын, ферроқорытпа зауытын, Қырғыз Республикасының аумағында тарату орталығын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы және тағы басқалар салалардағы жобаларды іске асыру мәселелері қамтылмақ.

Іс-шараның ашылуына Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Әділбек Қасымалиев қатысты. Форумға машина жасау, өнеркәсіп, металлургия, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инвестициялар, қызмет көрсету салаларымен айналысатын компаниялар қатысты. Бизнес-форумды ҚР сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade»сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға артып, 1,6 миллиард долларға жетті. Қазақстандық экспорттың үлесі 69% немесе 1,1 млрд долларды құрайды (өсім 35,8%). Импорт - 495,2 миллион долларды (өсім 9%) құрады.

Қазақ-қырғыз қатынастары – бұл өзара саяси және экономикалық мүдделермен қатар, бізді ежелден байланыстыратын ортақ тағдыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: