Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды

27 Қараша 2023, 09:00 1135

Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.

Жалпы жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының көлемі 25,8 млн тоннаны құрады. Негізгі жүк ағыны бүгінде өткізу мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып отырған «Сарыағаш» мемлекетаралық торап станциясы арқылы өтеді.

Жаңа т/ж желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал ететін болады.

Премьер-Министр өз сөзінде бүгін Қазақстанда тағы бір маңызды оқиға болып жатқанын атап өтті.

«Теміржол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша осы жылдың соңына дейін Өзбекстанның қатысуымен жүктерді тасымалдау көлемі шамамен 31 млн тоннаны құрайды деп болжануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық. 

«Осы учаскенің өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыру үшін ірі теміржол жобасы – Дарбаза – Мақтаарал жаңа желісін салуды бастаймыз», — деді Премьер-Министр.

Жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут – Мақтаарал желісін салуды көздейді.

Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген. Барлығы 152 км теміржол төсемі салынады. Жоба үшін 19,7 мың тонна рельс, сондай-ақ 280 мың темірбетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ды құрайды.

Теміржол төсемінің бірінші буынын төсегеннен кейін Премьер-Министр рәсімге қатысушыларды жұмыстың басталуымен құттықтап, жобаны белгіленген мерзімде сапалы түрде іске асыру қажеттігін атап өтті.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының шалғайда орналасқан Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратынын атап өтті.

«9 станция салынады. Бұл теміржол Қазақстаннан осы аудандарға және сол аудандардан Қазақстанға жүктердің тікелей жіберілуін қамтамасыз етеді. Себебі қазір олар Өзбекстанмен шекарадан өтуге мәжбүр. Бұл осы аудандардың дамуына әсер етеді. Құрылыстан кейін олар жаңа серпін алады», — деді ол.

Қанат Әлмағамбетовтың айтуынша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті де айтарлықтай артпақ.

«Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға келетін жүктер осы жолмен тезірек өтеді. Оған қоса Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі кептеліс азаяды. Соңғы жылдары жүк көлемі көп болды. Осы орайда олардың біразы уақытында берілмей жатады, себебі бұл буын мұндай жүк көлеміне арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүктеме күрт өскен. Құрылыс осы негізгі учаскенің жүктемесін азайтуға және жолаушылар пойыздарын басқаруға көмектеседі», — деді Қ. Әлмағамбетов.

Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қазіргі уақытта Пәкістан арқылы Үндістанға теміржол құрылысы талқыланып жатқанын мәлімдеді. Дарбаза-Мақтаарал желісін іске қосу Қазақстанның осы стратегиялық бағытты дамытуға қосқан елеулі үлесі болмақ.

«Біз жүк ағыны қосымша 10-14 млн тоннаға артады деп болжап отырмыз. Ал болашақта 20-25 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл учаске Ташкент торабын айналып өтіп, жүктерді екі бағытта да тезірек тасымалдайтын болады», — деп түйіндеді Қанат Әлмағамбетов.

Айта кету керек, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту аясында Үкімет теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесінде екінші жол және Алматы айналма жаңа теміржол құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада Қытаймен үшінші халықаралық торапқа шығатын Бақты – Аягөз жаңа т/ж желісі бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Барлығы үш жыл ішінде республикада 1 300 шақырымнан астам теміржол салынады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: