Қазақстан мен Өзбекстан арасында алғашқы теміржол туры іске қосылады

14 Қараша, 12:28 435

Қазақстанда «Жібек жолы» жаңа теміржол туры іске қосылады. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Туризм индустриясы комитетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Алғашқы рейс 2024 жылдың 16 қарашасында жолға шығады. Басты бағыт – «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы».

4 күннің ішінде халықаралық теміржол туры туристерге ескі қалалардың атмосферасын сезініп, Жібек жолы ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Бағыт Түркістан мен Ташкенттің басты көркем жерлерін қамтиды. Саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін тур бағдарламасына гид қызметі, ас-ауқат, көлік қызметі және кіру билеттері кіреді.

Ортақ жұмыс нәтижесінде бірегей теміржол турын ұйымдастыра алдық. Тур екі елді біріктіреді. Ендігі ретте саяхаттау қазақстандықтар мен өзге ел азаматтары үшін ыңғайлы әрі қолжетімді бола түседі. Бұл - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты нығайтып, туризмнің дамуына үлес қоса түсетін маңызды қадам,-деп ескертті ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Саяхатшылар Орталық Азиядағы ең көне әрі маңызды сауда орталығы болған Отырар қаласын көре алады.

Сондай-ақ, тур бағдарламасы аясында Арыстан-баб кесенесін, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығын, Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешеннің бірі – «Керуен-Сарайды» тамашай алады.

Ташкентте тур қатысушыларына тарихи нысандармен ғана емес, қаланың заманауи дамуымен танысу мүмкіндігі беріледі.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: