Вашингтон қаласында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, Freedom Holding Corp. және OpenAI, Inc. компаниясы жасанды интеллект технологияларын білім беру мен цифрлық дағдыларды дамытуда қолдану жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Келісім аясында қазақстандық педагогтерге білім беру ұйымдарына арналған ChatGPT нұсқасы - ChatGPT Edu платформасын пайдалану мүмкіндігі беріледі. Бұл платформа OpenAI-дың заманауи модельдеріне қолжетімділікті қамтамасыз етіп, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын жоғары деңгейде қорғайды.
ChatGPT Edu қызметі деректерді талдау, құжаттарды қысқаша мазмұндау және жеке GPT-ассистенттерін жасау сияқты функцияларды қамтиды. Бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеп, әкімшілік және техникалық жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Меморандумға сәйкес, алдағы үш жыл ішінде жыл сайын кемінде 165 000 OpenAI лицензиясы педагогтерге берілмек.
«Бүкіл әлемдегі ұстаздар әкімшілік жүктемені азайтып, уақытын оқыту мен оқушылардың дамуына арнауы үшін жасанды интеллектіні қолданып келеді. Қазақстан Үкіметімен жасалған келісім жергілікті педагогтерге ChatGPT-ні қолдануға және ЖИ-дің артықшылықтарын білім беру жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді», - деді OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллс.
Бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформация және адами капиталды дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясын қолдай отырып, педагогтерге озық халықаралық технологияларға қол жеткізуге жол ашады. Сонымен қатар, жоба мұғалімдердің цифрлық құзыреттерін нығайтып, инновациялық ойлау, сыни талдау және креативтілік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.