Қазақстан мен Мексиканың тұрақты саяси консультациялардың үшінші раунды өтті

10 Желтоқсан 2022, 13:25 1135

«Қазақстан: Еуропа мен Азия тоғысатын жер» фотокөрмесі ашылды

Қазақстан мен Мексика сыртқы саяси мекемелерінің арасында саяси консультациялардың 3-ші раунды өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстандық делегацияға СІМ Америка департаментінің директоры Нұрғали Арыстанов басшылық етті. Мексикалық тараптан кездесуде СІМ Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі бас директоры Ампаро Ангиано Родригес тең төрағалық етті. 

Мексикалық делегация Мексика Президенті А. Лопес Обрадо атынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты жақында өткен президенттік сайлауда қайта сайлануымен құттықтады. Бұған қоса, А. Ангиано Родригес елімізде өтіп жатқан саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға берді. 

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара әрекеттестік мәселелердің кең ауқымы талқыланды. Екі ел арасындағы, оның ішінде мәдениет, білім беру және бірлескен сыртқы саяси зерттеулер саласындағы байланыстардың белсене түсуі қанағатпен атап өтілді. Бұдан басқа, тараптар әлемдік саясаттың  көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасты. 

Кездесу нәтижесінде тараптар саяси консультациялар тетігі аясында ұдайы диалогты дамытудың маңыздылығымен келісті және келесі раундты Астанада 2023 жылы өткізу туралы уағдаласты. 

Бұған қоса, қазақстандық делегация депутаттармен, «Мексика-Қазақстан» парламенттік достық тобының мүшелерімен кездесу өткізді. 

Экономикалық және іскери ынтымақтастықтың мүмкіндіктері Мексика құнды қағаздарының институционалдық биржасының (BIVA) өкілдерімен болған кездесу барысында талқыланды. 

Сонымен қатар сапар барысында «Қазақстан: Еуропа мен Азия тоғысатын жер» фотокөрмесінің ашылуы орын алды. Салтанатқа СІМ, Мәдениет министрлігі, Мехико қаласының мэриясы өкілдері және федералдық депутаттар қатысты. Мексикалық астананың нақ орталығында ашық аспанда ұйымдастырылған экспозиция 2023 жылғы қаңтардың соңына дейін жалғасады. 

EL.KZ
Бөлісу: