Қазақстан мен Корея ЖИ мамандарын даярлау үшін бірлескен платформа құрады

Қазақстан мен Корея ЖИ мамандарын даярлау үшін бірлескен платформа құрады

Қазақстан Кореямен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығын нығайтып келеді. Сеулде Корея Ұлттық Ассамблеясы ғимаратында «Корея мен Орталық Азияның ІІ-таланттарды дамытудағы ынтымақтастығы» форумы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Форумға Корея Ұлттық Ассамблеясының депутаттары, сарапшылар, ғалымдар және Орталық Азия елдері елшіліктерінің өкілдері қатысты. KOSAC президенті Чон У Сонг цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалардың маңызын атап өтті.

Корея Орталық Азия форумы хатшылығының атқарушы директоры Ли Чон Гук екі тараптың 30 жылдан бері экономика, білім және мәдениет бағытында табысты жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, форум ортақ жобаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады.

Қазақстанның Кореядағы елшісі Нұрғали Арыстанов ЖИ-дің мемлекет басқаруы, білім беру, денсаулық сақтау және бәсекеге қабілеттілік үшін стратегиялық мәнге ие екенін тиек етті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖИ саласын дамытуға саяси қолдау көрсетіп отырғанын, оның ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі бастамасын атап өтті.

Қазақстан мен Кореяның білім саласындағы нақты қадамдары да айтылды: Түркістанда «Woosung» университетінің филиалы ашылуы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде SeoulTech-пен бірлескен ЖИ институтының құрылуы. Елші бұл жобалар болашақ инженерлер мен зерттеушілерді даярлауға үлес қосатынын жеткізді.

Форум аясында сарапшылар ЖИ-таланттарды дамыту, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау және Орталық Азия мен Корея арасындағы инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қатысушылар ЖИ саласында бірлескен жобаларды кеңейту қажет екенін атап өтті.