Қазақстан мен Корея арасында жасанды интеллект бойынша ынтымақтастық аясы кеңейеді

5 Қараша, 05:27 401

Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» 17-ші ынтымақтастық форумына Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат  агенттігі. 

Форумда Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы көлік-логистикалық өзара іс-қимыл, энергетикалық ынтымақтастық, цифрлық трансформация және экологиялық күн тәртібі мәселелері сияқты салаларды қамтитын серіктестіктің негізгі бағыттары қарастырылды.

Өз сөзінде М. Нұртілеу өңірдің тұрақты экономикалық дамуы үшін көліктік өзара байланыстың маңыздылығына назар аударды. Қазақстан Азиядан Еуропаға жүктерді қауіпсіз және тиімді тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді дамытуда. Министр корей компанияларды бағыттың өткізу қабілетін одан әрі кеңейту үшін ірі жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды және 2025 жылы оны жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланғанын мәлімдеді.

Орталық Азия Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыра алатын маңызды логистикалық хабқа айналуда, - деп атап өтті М. Нұртілеу.

Энергетикалық ынтымақтастыққа қатысты Министр Қазақстанның бай табиғи ресурстарын, оның ішінде әлемдік нарықтың 40% қамтамасыз ететін сирек кездесетін металдар мен уранды атап өтті. ҚР СІМ басшысы корей компанияларының ресурстарды өндіру және қайта өңдеу жөніндегі жобаларға, сондай-ақ АЭС салу жөніндегі консорциумға қатысуына үміт білдіріп, бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін жаңа перспективалар туғызатынын жеткізді.

Астананың Сеулмен серіктестікте басымдықтарының бірі экологиялық күн тәртібін іске асыру болып қала береді. ҚР Сыртқы істер министрі климаттың өзгеруі және орнықты даму, әсіресе су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды тереңдету қажеттігін атап өтті. Қазақстан сондай-ақ су саласын автоматтандыруға және цифрландыруға баса назар аудара отырып, Арал теңізін сақтау мәселелерінде Корея Республикасымен ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Цифрлық трансформация саласында Қазақстан БҰҰ-ның онлайн-қызметтер саласындағы индексі бойынша алдыңғы қатарына кіре отырып, 10 үздік елдердің қатарында. М. Нұртілеу корей компанияларын жасанды интеллект пен BigData-ға байланысты жобалармен, сондай-ақ өңірдің ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытумен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Форум халықтық дипломатияны нығайтуға ықпал ететін мәдени және туристік байланыстардың маңыздылығын растады. Министр корей әріптестерін Қазақстанда туристік инфрақұрылымды құруға шақырып, елдер арасындағы өзара туристік ағымның өсуіне назар аударды.

Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы – Жібек жолынан бері ортақ тарих, Алтай мұрасы және сауда қатынастарымен байланысты дәстүрлі серіктестер. Корея Республикасы өз кезегінде бүкіл Орталық Азия өңірінің экономикалық және технологиялық дамуында үлкен рөл атқарады, - деп атап өтті М. Нұртілеу.

17-ші форумның қорытындылары Бірлескен мәлімдемеде бекітілді, сондай-ақ Форум Хатшылығының 2025 жылға арналған Жұмыс жоспары қабылданды. ҚР СІМ басшысы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы көпжоспарлы қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі жаңа қадамдар алдағы жылы өтетін «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде маңызды коммерциялық келісімдерге қол қою үшін негіз қалайтынына сенім білдірді.

Зарина Арман
Бөлісу: