Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық перспективалары талқыланды

4 Шілде, 03:29 491

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов Индонезия Білім, мәдениет, зерттеулер және технологиялар министрлігінің Мәдениет басқармасының бас директоры Хильмар Фаридпен және Индонезияның ҚР-дағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Ербол Әліқұлов өткен жылы Қазақстан мен Индонезияның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толғанын атап өтті.

Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық шеңберінде тығыз және сенімді қарым-қатынас орнатты. Қазір біз екі елдің мәдени іс-шараларға қатысуы арқылы бірлескен жұмысты жандандыруымыз қажет, – деді мәдениет және ақпарат вице-министрі.

Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға 2013 жылы қол қойылды. Серіктестер өзара байланыс аясын кеңейтуге ниетті.

Қазақстан мен Индонезияның ортақ тұстары көп. Біз – көпұлтты және көпмәдениетті мемлекетпіз. Біздің ынтымақтастығымыз одан да тиімді әрі жемісті болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Хильмар Фарид. Сонымен қатар екі елде де алмасу бойынша оқитын студенттер санын көбейтуді ұсынды.

Жиын соңында қатысушылар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, музыка, театр және кинематография саласындағы ынтымақтастықты қарастыруға және нығайтуға дайын екендіктерін атап өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: