Қазақстан мен Германия экономикалық ынтымақтастықты арттырмақ

13 Желтоқсан 2022, 14:35 1551

Бұл туралы СІМ мәлім етті

Германияға сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ГФР Вице-канцлері – Экономика және климатты қорғау федералды министрі Роберт Хабекпен екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың өзекті жай-күйі мен даму перспективаларын, атап айтқанда энергия ресурстары мен шикізат саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыруды, Қазақстанға неміс инвестицияларын тартуды талқылады.

«Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толған жылы біз екіжақты қарым-қатынастарымыздың стратегиялық сипатын қанағаттанушылықпен атап өтеміз», - деді М.Тілеуберді. Қазақстан мен Германия арасында сенімді саяси диалог және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және әртараптандыруға ұмтылыс бар, деп толықтырды СІМ басшысы.

Сонымен қатар, М.Тілеуберді сұхбаттасына Президент Қасым Жомарт-Тоқаев жариялаған «Әділ Қазақстанды» құру бағыты аясында еліміздегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді.

Неміс тарапы Қазақстанның маңызды геосаяси рөлін атап өтіп, біздің мемлекет Германияның Орталық Азиядағы маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті. Р.Хабектің айтуынша, 2021 жылы Германияның Орталық Азия елдерімен сауда көлемінің 85% Қазақстанға келді. Ағымдағы жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы 6,8 млрд еуроны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 83%-ға жоғары.

Сол күні Министр М.Тілеуберді мен қазақстандық делегация мүшелері неміс іскер топтарының өкілдерімен, атап айтқанда «HMS Bergbau AG», «Hermith» және «Knauf» ірі неміс компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді. Неміс бизнесмендермен ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды және Қазақстанда литий барлау және өндіру, титан бұйымдарын және жаңа германдық технологияларды пайдалана отырып құрылыс материалдарын өндіру саласындағы инвестициялық жобаларды іс жүзінде іске асыру мүмкіндіктері қаралды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда неміс капиталы бар 650-ден астам жұмыс істеп тұрған компания тіркелген, шамамен 4,8 млрд еуро сомасына 50-ге жуық әлеуетті екіжақты инвестициялық жоба бар.

EL.KZ
Бөлісу: