Қазақстан мен Еуроодақ стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойды

8 Қараша 2022, 08:04 1234

Премьер-Министр өз сөзінде жаңа меморандумның маңыздылығын атап өтті

Қазақстан мен Еуропалық Одақ тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік бойынша өзара түсіністік туралы меморандум бекітті, деп хабарлайды El.kz primeminister.kz cайтына сілтеме жасап. 

Құжатқа Мысырда Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммиті аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен қол қойды.

Премьер-Министр өз сөзінде жаңа меморандумның маңыздылығын атап өтті.

«Құжатқа қол қою Қазақстанның ЕО өнеркәсіптік альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуына жағдай жасайды. Жалпы, біздің еліміз Еуропалық бизнес үшін тартымдылығы жоғары қажетті факторлардың бәріне ие, оның ішінде әртараптандырылған энергия көздері мен жоғары транзиттік-көліктік әлеует бар», — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі болып табылатынын, сондай-ақ бүгін қол қойылған меморандум бұл қатынастарды одан әрі кеңейте түсетінін атап өтті.

«Біз осыған дейін қалыптасқан өзара терең қарым-қатынасымыздың жаңа парағын аштық. Еуропалық Одақ пен Қазақстан көп жылдан бері берік экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Біз стратегиялық өндірістік тізбектеріміздің интеграциясын нығайту бағытында бірге жұмыс істейміз. Бұл сирек кездесетін жер элементтерін өндіруге, аккумулятор өндірісіне және "жасыл" сутекке қатысты», — деді Урсула фон дер Ляйен.

Айта кетейік, кеше ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммитіне қатысу үшін Шарм-эш-Шейх қаласына барды.

EL.KZ
Бөлісу: