Қазақстан мен Беларусь премьер-министрлері ынтымақтастық мәселелерін талқылады

14 Қараша, 19:03 304

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь премьер-министрі Роман Головченко Минск қаласында келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту бойынша екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды. Бидайды терең өңдеу, құрылыс индустриясы, көлік, IT саласы, туризм жобаларына екпін бере отырып, өнеркәсіп кооперациясы мен ауыл шаруашылығына баса назар аударылды.

Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара сауда көлемі биыл 8 айда $600 млн-ды құрады. Қазақстанның (экспорттағы үлесі 10,2%) ұн және басқа да өнімдері Беларусь нарығында сұранысқа ие. Сондай-ақ биыл 9 айда автомобиль тасымалы көлемі 19%-ға артып, 450,6 мың тоннаға жетті, салада оң динамика байқалады.

Қазақстан мен Беларусь үкіметтері өнеркәсіп кооперациясын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. Жалпы пулға 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, құны $277,5 млн-ды құрайтын 14 жоба кіреді. Оның ішінде Қазақстан өңірлерінде $200 млн-нан астам сомаға 11 бірлескен кәсіпорын іске қосылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Зауыттарда тракторларды, астық және жемшөп жинайтын комбайндарды, тіркелмелі ауылшаруашылық техникаларын құрастырады. Тағы 3 жоба іске асыру сатысында тұр.

Темір жол өнімдерін шығаратын және Беларусь еліне рельстерге бекітілген шпалдар, фитингтік платформалар, темір жол дөңгелектері, тораптар және агрегаттар жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі бар қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетіне ерекше назар аударылды.

Келіссөздер нәтижесінде екіжақты бірқатар құжатқа, атап айтқанда, Қазақстан мен Беларусь үкіметтері арасындағы бірлескен жобалар пулын толықтыруға және іскер топтар арасында тығыз байланыс орнатуға бағытталған 2025-2029 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы; «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Беларусь Республиканың Ұлттық туризм агенттігі арасындағы экологиялық, медициналық, тау шаңғысы, ауыл туризмі және балалар мен жасөспірімдер туризмі саласында тәжірибе алмасуды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім; Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Сондай-ақ Минскіде Жоғары технологиялар паркіне барған сәтте Олжас Бектеновке «бұлтты» технологияларда, киберқауіпсіздік, қаржы секторы және басқа да салаларда жүзеге асырылатын цифрлы жобалар ұсынылды.

Зарина Арман
Бөлісу: