Қазақстан мен Беларусьтің біріккен барлау бөлімшелері торуыл ұйымдастыру, қажетті ақпаратты алу және құпия құжаттарды алып, топты тұрақты орналасу пунктіне эвакуациялау мақсатымен таудан асты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде «Бауырластық шыңы-2024» оқу-жаттығуына қатысушылар бөлімшелердің үйлесімділігі мен әртүрлі дәрежедегі командирлердің шешім қабылдау қабілеті бағаланды.
Бағыныштылардың іс-әрекетін Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев пен штаб бастығы – Беларусь Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Александр Ильюкевич қадағалады.
Таулы-шөлді жерлерде екіжақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығудың практикалық бөлігі аяқталды. Командалық құрамның деңгейі өте жоғары болды. Мұны біртұтас организм ретінде әрекет еткен екі елдің бөлімшелерінің үйлесімділігі деп бағалауға болады. Біріккен жасақтардың әскери қызметшілері дене дайындығы мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсетті, - деп қорытындылады оқу-жаттығудың жетекшісі генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Беларусь Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің нұсқаушылары қазақстандық десантшылармен өз тәжірибелерін бөлісті. Арнайы жасақтар жаумен тікелей қақтығыс жағдайында тактикалық медицина бойынша сабақтар өткізді.
Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы атап өткендей, біріккен контингент алдына қойылған барлық міндеттерді толық көлемде орындады. Екі ел арасында осындай оқу-жаттығуларды жыл сайын өткізу жоспарлануда. Алда қарулы күрестің жаңа тәсілдері мен құралдарының пайда болуын ескере отырып, өзгерістер енгізіліп, міндеттер күрделене түспек. Жеке құрамның білімі, дағдылары мен тәжірибесі артады.
Естеріңізге сала кетейік, «Бауырластық шыңы-2024» екі жақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы 15-20 шілде аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» оқу полигонында өткізілді. Оған Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және Беларусь Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің 350-ден астам әскери қызметшісі қатысты.
Оқу-жаттығулардың салтанаты жабылу рәсімінде маневрлер барысында ерекшеленген екі елдің әскери қызметшілері басшылық тарапынан грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.