Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланды

14 Қараша, 02:33 883

Мәдениет және ақпарат министрлігінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Аиша Әлмесмаримен екі ел арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында кездесу өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде саладағы өзара іс-қимылды нығайту және екі мемлекет арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова Қазақстан мен БАӘ халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін қажетті шараларды белсенді түрде іске асырып жатқанын атап өтті. Вице-министр театр өнері саласында өткізілетін бірлескен іс-шараларға тоқталып, «Астана Операның» Біріккен Араб Әмірліктеріне алдағы гастрольдерін, қазақстандық дизайнерлер мен қолөнершілердің Шарджа қаласында өтетін Дүниежүзілік мәдени мұра апталығына қатысатынын айтты.

Өз кезегінде Аиша Әлмесмари Біріккен Араб Әмірліктері екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Сондай-ақ, кездесуде 2025 жылғы сәуірде Абу-Даби қаласында өтетін мәдени саммит туралы және Қазақстанның осы шараға шақырылғаны айтылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: