Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өтеді

24 Наурыз 2023, 15:41 1306

11-12 мамыр күндері Астана қаласында Қазақстан машина жасаушыларының XI Форумы өтеді. Іс-шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар Одағы ұйымдастырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумға қатысуға Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, машина жасау өнімдерінің ірі тұтынушыларының, даму институттарының басшылары, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі шетелдік әлеуетті әріптестер шақырылды.

Форумның бірінші күні пленарлық отырыс пен панельдік сессия өткізу жоспарлануда. Қатысушылар Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қолдау тапқан құжат - Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 5 жылға арналған Кешенді жоспары шеңберінде машина жасау саласын одан әрі дамыту мәселелерін талқылайтын болады. Шараның екінші күнінде машина жасау саласының басым бағыттары бойынша секциялық отырыстар өтеді. Теміржол, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы және электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау, сондай-ақ машина жасауда құю өндірісін дамыту мәселелерін қарау жоспарлануда. Сонымен қатар, спикерлер Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, шетел мемлекетерімен бірлескен жобаларды іске асыру, машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау және өнеркәсіптегі цифрландыру мәселелерін талқылайды, - делінген хабарламада.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Машина жасаушылар форумы өзін пікірталас алаңы ретінде таныта білді. Аталмыш шарада сала кәсіпорындарының алдында тұрған өзекті мәселелердің шешімін табу жолдары қарастырылады. Экономиканы әртараптандыру, жаңа экономикалық саясаттағы импортты алмастыру тетіктері талқыланады.

Ашық және жүйелі диалог аясында машина жасау саласын, жалпы өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы әзірленеді. Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар дайындалады. Олар машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша стратегиялық маңызды міндеттерге қол жеткізуге қызмет етеді.

Сонымен қатар, форум аясында 10-12 мамыр күндері "EXPO" көрме орталығында машина жасау және металл өңдеу бойынша "Kazakhstan Machinery Fair 2023" халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Көрменің мақсаты машина жасау саласын дамытуға үлес қосу, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. Көрмеде негізгі және қосалқы жабдықтарды, сондай-ақ машина жасау және металл өңдеу саласының отандық кәсіпорындарының қажеттіліктеріне арналған құралдар мен аспаптарды ұсыну жоспарлануда.

EL.KZ
Бөлісу: