Қазақстан литий өндірісіне ерекше мән беріп отыр

23 Қыркүйек, 15:42 462

Қазір қазақтар Tesla-ны теуіп мініп, Zeekr-мен зікір етіп жүр. Бірақ мұндай электр көліктерге қойылатын аккумуляторларға литий ауадай қажет екенін екінің бірі біле бермес. Былайша айтқанда, қарапайым «темір тұлпарлар» бензинмен жүрсе, Tesla мен Zeekr-дың зырылдауы үшін оитий керек. Менделеев кестесінде үшінші тұрған бұл элементтің мол қоры Қазақстаннан да табылып отыр. Биылдан бастап еліміз литий өндірісіне ерекше ден қоймақшы.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Жетісу өңірінің тұрғындарымен кездесуде Қазақстанда литийдің мол қоры бар екенін мәлімдеген болатын.

Біздің жер қойнауымызда әртүрлі бағалаулар бойынша 50-ден 100 мың тоннаға дейін литий бар. Бұл - үлкен қор. Барлау мен игеруге елеулі инвестициялар қажет. Геологиялық қызмет осы бағыттағы жұмысты жандандыруы керек, деген еді Президент Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да литий өндірісіне қатысты пікір білдірді. Тоқаевтың пайымдауынша, «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады.

Сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет, деді Президент.

Биылғы көктемде Korea Times газеті Қазақстан аумағынан литийдің ірі кен орны табылғанын хабарлап, ақжолтай жаңалықты жеткізген еді. Басылымның жазуынша, Оңтүстік Кореяның KIGAM ғылыми-зерттеу институты алдағы уақытта осы кен орнын игеру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлаған. KIGAM келесі жылы кореялық компаниямен бірлесіп, литий өндіру жұмыстарын бастау мақсатында бұрғылау құқығына өтінім бермекші.

Негізі ғалымдар литий кен орнын 2023 жылы анықтаған екен. Алайда институт өкілдері ақжолтай жаңалықты 5 наурызда Сеулде өткен халықаралық негізгі пайдалы қазбалар форумында мәлімдеді. Мақалаға сүйенсек, кен орны Шығыс Қазақстан облысынан табылған. Оның аумағы 1,6 шаршы шақырымды құрайды. Бұған дейін мұнда тантал өндірілген екен. Әдетте тантал литий және цезиймен бірге кездесетін көрінеді.

Қазір кен орнындағы литийдің қоры 15,7 миллиард долларға бағаланып отыр. Геологтардың сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы литийдің мөлшері 5,3 пайызға дейін жетеді. Бұл – басқа аумақтардан әлдеқайда көп. Салыстырмалы түрде қарасақ, әлемдегі ірі литий өндіруші Аустралиядағы кеніште Менделев кестесіндегі үшінші элементтің мөлшері 2,1 пайызды құрайды.

Ұлы даланың қойнауынан литийдің мол қоры табылғаны туралы жаңалық жерде қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріске жауапты бірнеше компанияның басшысымен кездесті. Мәселен, маусымда Астанаға KIGAM президенті Пёнг-Ку Ли және SK Ecoplant вице-президенті Хансоль Пэк ат басын бұрып, Ақордада Тоқаевтың қабылдауында болды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Оңтүстік Кореямен геологиялық барлау және тау-кен өндірісі салаларындағы ынтымақтастығының мүмкіндіктері сөз болды. Литий іздеген Ли мырза құр қол келмепті. Корея Геологиялық зерттеу және минералды ресурстар институтының (KIGAM) Шығыс Қазақстан облысындағы «Бакенное» кен орнында жүргізген барлау жұмысының нәтижесін таныстырды. Хансоль Пэк өз компаниясының «жасыл» сутегі өндірісі саласындағы жетістіктерін жан-жақты баяндап берді.

Президент Тоқаев литий өндірісін дамытудың, оны өңдеп, дайын өнім шығарудың маңызына тоқталды. «Шикізат орнына инвестиция мен технология» прагматикалық формуласына сай ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ SK Ecoplant компаниясының қалдықтарды игеру және су тазалау бағытындағы инновациялық тәсілдеріне жоғары баға берді.

Таяуда Германияның канцлері Олаф Шольц Қазақстанға ат басын бұрғаны мәлім. Бундес-канцлер өзімен бірге бір топ бизнесменді ерте келген екен. Осы кездесуде немістердің де Ұлы даладан литий өңдеуге дайын екені айтылды. Мәселен, HMS Bergbau компаниясы Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізуге сақадай сай отыр. Аталған жобаға салынатын инвестиция көлемі 500 миллион долларды құрап отыр.

Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда әлем елдері «жасыл» технологияға ерекше ден қоя бастады. Әсіресе, электр тоғымен жүретін көліктер сұранысқа ие. Мәселен, 2023 жылы шартараптың түкпір-түкпірінде 14 миллионнан астам э-автомобиль сатылған екен. Осылайша, олардың жалпы саны 40 миллионға жеткен. Нәтижесінде 2023 жылы электр көліктері жалпы сатылған «темір тұлпарлардың» 20 пайызын құрады. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, 2017 нарықта сатылған э-автомобиль саны 1 пайызға да жетпеген.

Бұл нені білдіреді? Zeekr-і бар, басқа да авто коцерндер шығаралытын электр көліктері бар, бәріне ионды-литий батереялар, аккумуляторлар қойылады. Демек, жыл өткен сайын литийге сұраныс артпаса, кемімейтіні анық. Өйткені қазіргі таңда жер жаһандағы литий өндірісінің 80 пайызы батерея жасауға қолданылады. Қалғаны өндірістің басқа салаларында пайдаланылады. Ендеше, алдағы уақытта ірі компаниялар литийді емге іздеп кетуі мүмкін. Сондықтан шығар, қазірді таңда оны «ақ мұнайға» балап отыр.

Негізі шартарапта литий өндірісі бойынша Аустралия көш бастап тұр. Жасыл құрлық шамамен 61 мың тонна литий рудасын қазып алады.  Сол секілді Чили (39 мың тонна) мен Қытай (19 мың тонна) да «үшінші элементті» молынан өндіреді.

Қазақстанда 100 мың тоннаға дейін литий бар екенін жоғарыда айттық. Елімізде Аустралия секілді ірі кен орнына ие болмаса да, қоры жөнінен озық он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл тұрғыдан алғанда, Чили көш бастап тұр. Онда 9,3 миллион тонна литий қоры жинақталған. Аустралияда – 6,2 миллион, Аргентинада 2,7 миллион тонна «ақ мұнай» бар.

Былай қарасаңыз, Қазақстандағы литий қорын жасыл құрлық бір-екі жылда өндіріп тастауы мүмкін. Дегенмен біз келтірген деректер бұған дейін жүргізілген геологиялық зерттеулерге сүйеніп жарияланған. Оңтүстік Корея мамандарының Ұлы дала қойнауынан литийдің мол қорын табуын, Германияның қазіргі таңда геологиялық барлау жасауға кірісіп кеткенін де ескерген жөн. Ендеше, Қазақ даласынан әлі де литий қоры табылуын жоққа шығара алмаймыз.

Қалай дегенмен, «үшінші элемент» еліміз үшін тың сала. Бұған дейін кәсіпорындарымызда оған қажеттілік туындаған жоқ. Алайда Қытайдың кейінгі жылдары электр көліктерін көптеп шығарып жатқанын ескерсек, шығыстағы көршімізге дайын өнімді экспорттауға мүмкіндік бар. Алда-жалда Қазақстанда литий өндірісін жолға қойылып жатса, онда ел экономикасына тың серпін беретіні анық.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: