08.02.2026
10:07
1197
Қазақстан Конституциясына өзгерістер қалай енгізіледі: кезеңдер мен қадамдар

Қазақстан Конституциясына өзгерістер қалай енгізіледі: кезеңдер мен қадамдар

Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу - жай ғана құқықтық түзетулер жиынтығы емес, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын саяси әрі институционалдық таңдау. Мұндай шешім бір күнде қабылданбайды және тек билік институттарының еркімен шектелмейді. Ол бастаманың көтерілуінен бастап, кең сараптамалық талқылаудан, қоғамдық сүзгіден, институционалдық рәсімдерден өтіп, түпкілікті түрде халықтың тікелей шешімімен бекітілетін көпсатылы үдеріс. 

Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, Конституцияға өзгеріс енгізу логикасы тұрақтылықты сақтай отырып, қоғамдағы өзгерістерге бейімделуге және «халық - биліктің қайнар көзі» қағидатын нақты іске асыруға негізделеді. Осы орайда Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшысы, саясаттанушы Риззат Тасым Қазақстан Конституциясына өзгерістер қалай енгізілетінін түсіндіріп берді.

Ата заңға өзгерістер енгізу - жай ғана техникалық түзету емес, мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесіне тікелей әсер ететін күрделі процесс. Сондықтан ол бір ғана шешіммен жүзеге асырылмайды және бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл үдерістің басты мақсаты - Конституцияның тұрақтылығын сақтай отырып, қоғамдағы әлеуметтік, саяси және институционалдық өзгерістерге бейімделу.

Ата заңға өзгерістер енгізу саяси тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да аса жауапты әрі көпсатылы үрдіс. Ол көбінесе Конституцияның тұрақтылығын сақтай отырып, қоғамдағы өзгерістерге бейімделу логикасына негізделеді.

Алғашқы қадам бастаманың көтерілуі. Қолданыстағы Ата заңның 91-бабының 1 тармағына сәйкес Президентің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Бастысы кез келген өзгерісті қабылдау не қабылдамау жалпыұлттық референдум арқылы халыққа тиесілі. Тәжірибеде, әдетте бастама Мемлекет басшысы тарапынан көтеріледі, себебі ол бүкіл саяси жүйенің теңгерімін және реформалардың стратегиялық бағытын көре алады, - дейді саясаттанушы Риззат Тасым.

Риззат Тасым бұл кезеңге реформаның тағдырын айқындайтын негізгі сүзгі ретінде қарайды. Оның айтуынша, сарапшылық және қоғамдық талқылау - ұсынылған өзгерістердің қаншалықты өміршең, теңгерімді және қоғамға қауіпсіз екенін анықтайтын шешуші саты.

Келесі кезең сарапшылық және қоғамдық талқылау. Ұсынылған өзгерістер Конституциялық комиссия, жұмыс топтары, заңгерлер мен саясаттанушылардың қатысуымен жан-жақты талданады. Бұл кезеңнің маңызы ерекше, өйткені дәл осы жерде нормалардың құқықтық салдары, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына ықпалы бағаланады. Қоғамдық пікірді ескеру қазіргі конституциялық реформалардың ажырамас бөлігіне айналды, - дейді сарапшы.

Риззат Тасымның пайымдауынша, сарапшылық және қоғамдық талқылаудан кейін конституциялық реформаның ең жауапты сатысы басталады - өзгерістерді қабылдау тетігін таңдау. Бұл жерде мәселе тек техникалық жолды анықтауда емес, қабылданатын шешімнің саяси салмағын дұрыс бағалауда жатыр.

Одан кейін қабылдау тетігін айқындау. Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізудің екі жолы бар: Парламент арқылы немесе республикалық референдум арқылы. Егер өзгерістер мемлекеттің іргелі қағидаттарына, билік архитектурасына немесе саяси жүйенің негіздеріне қатысты болса, әдетте референдум таңдалады. Бұл халықтың тікелей легитимациясын қамтамасыз етеді. Содан соң құқықтық рәсімдеу және күшіне ену үрдісінің ұйымдастырылуы маңызды. Өзгерістер қабылданғаннан кейін олар ресми түрде жарияланып, нақты мерзімдерде күшіне енеді. Осы сәттен бастап барлық заңдар мен нормативтік актілер Конституцияның жаңартылған нормаларына сәйкестендірілуі тиіс. Мысал ретінде осы жолғы конституциялық өзгерістердің хронологиясына назар аударсақ, жоғарыда айтылған кезеңдік әрі жүйелі үдерістің нақты көрінісін аңғаруға болады, - деп атап өтті ол.

Конституциялық реформаның бастапқы кезеңі саяси-идеялық тұрғыдан айқын белгіленді. Мемлекет дамуының жаңа бағыты, билік жүйесін жаңғыртудың қажеттілігі және институционалдық өзгерістердің логикасы ең жоғары саяси деңгейде ашық түрде жария етілді. Бұл реформаның кездейсоқ немесе жедел шешім емес, алдын ала ойластырылған стратегиялық қадам екенін көрсетті.

2025 жылғы 8 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында саяси жүйені кешенді жаңарту, заң шығарушы билікті қайта құрылымдау және мемлекеттің институционалдық негіздерін терең реформалау қажеттігін айқын атап өтті. Ол кейінгі конституциялық өзгерістерге берілген саяси-идеялық бағдар болды.

2026 жылғы 31 қаңтарда ресми түрде жарияланған жаңартылған Конституция жобасына дейін ауқымды әрі сатылы дайындық жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, 2025 жылғы 8 қазанда парламенттік реформаны институционализациялау үдерісі басталып, құрамына 33 адам кірген арнайы жұмыс органы құрылды. 14 қазанда жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, сонымен қатар азаматтардың тікелей қатысу тетігі іске қосылды: «e-Otinish» және «eGov» платформаларында «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім ашылып, халықтан ұсыныстар жинау басталды, - дейді саясаттанушы.

Риззат Тасымның пайымдауынша, 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы қаңтар аралығы конституциялық реформаның мазмұны нақты пішінге түскен кезеңі болды. Осы уақытта түскен бастамалар кездейсоқ түрде емес, жүйелі тәртіппен қаралды. Жұмыс тобының екінші, үшінші және төртінші отырыстарында азаматтар мен сарапшылар ұсынған пікірлер кезең-кезеңімен талданып, құқықтық және саяси тұрғыдан пысықталды. Бұл - реформаның декларативті деңгейден нақты институционалдық талқылау сатысына өткенін көрсетті.

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан кешенді өзгерістердің алдын ала қорытындыларын жасап, конституциялық реформаға көшу туралы саяси шешімді жариялады. Осы логиканың заңды жалғасы ретінде 2026 жылғы 21 қаңтарда қоғамның 130 әлеуметтік және кәсіби тобын қамтыған Конституциялық комиссия құрылды. 24 қаңтарда комиссия өз жұмысына кірісіп, елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын көрсетті, - дейді ол.

Бүкіл үдерістің кезең-кезеңімен өрбуі конституциялық өзгерістердің бір сәттік саяси шешім емес, терең дайындықтан өткен жүйелі реформа екенін айқын аңғартады. Кең қоғамдық қатысу, көпдеңгейлі сараптама және саяси сабақтастықтың сақталуы реформаның мазмұнын ғана емес, оны қабылдау тәсілін де жаңа деңгейге көтерді.

Жалпы алғанда, аталған хронология конституциялық өзгерістердің бір сәттік шешім емес, кең қоғамдық қатысуға, сараптамалық сүзгіге және саяси сабақтастыққа негізделген жүйелі реформа екенін айқын дәлелдейді. Осылайша, келесі шешуші кезең Конституциялық комиссия өз жұмысын толық аяқтағаннан кейін, ұсынылған түзетулердің қорытынды нұсқасын бекітіп, жалпыұлттық референдумның нақты мерзімін айқындау болмақ. Дәл осы сәтте басты әрі түпкілікті шешім қабылдау құқығы халыққа беріліп, конституциялық өзгерістердің тағдыры жалпыұлттық деңгейде айқындалады. Бұл қадам реформалардың легитимділігін күшейтіп қана қоймай, «халық - биліктің қайнар көзі» қағидатының іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетеді. Жалпы алғанда, Конституцияға өзгерістер енгізу жай ғана құқықтық процедура емес, мемлекеттің қай бағытта дамитынын айқындайтын саяси таңдау. Сондықтан мұндай процесс ашықтықты, кең талқылауды және қоғамдық сенімді талап етеді. Қазақстан тәжірибесінде соңғы жылдары дәл осы элементтерге басымдық беріліп отырғаны қуантады, - деп қорытындылады Риззат Тасым.