02.02.2026
18:04
1253
Қазақстан Конституциясын жаңарту: демократиялық өзгерістердің негізі

Қазақстан Конституциясын жаңарту: демократиялық өзгерістердің негізі

Қазақстан соңғы жылдары саяси жаңғыру мен демократиялық даму жолында маңызды қадамдар жасауда. Сол реформалардың өзегінде – Конституцияны жаңарту процесі тұр. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер елдегі билік жүйесін жаңаша қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге және қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға бағытталды.

Конституциялық реформаның алғышарттары

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Ата заң тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қажеттіліктерге сай жасалғанымен, уақыт өте келе бірнеше рет жаңартылды. Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылғы референдум арқылы енгізілсе, 2025-2026 жылдардағы реформа процесі іс жүзінде жаңа Конституция қабылдауға дейін жетті.

Осы жағдайда мемлекет басшысы Конституцияны жаңарту бастамасын көтеріп, оны жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдау ұсынылды. Бұл – азаматтардың ел тағдырына тікелей қатысуының айқын көрінісі болды.

Білім саласының ардагері, қоғам белсендісі Самал Амринаның пікірінше, ҚР жаңа Конституциясы жобасы – елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын тарихи құжат. Ұсынылып отырған өзгерістерде адам құқықтары мен бостандықтарының басты құндылық ретінде белгіленуі – өскелең ұрпаққа берілетін маңызды бағдар.

Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі – ел дамуын адами капиталдың сапасымен өлшеуге бағытталған дұрыс шешім. Бұл – ұстаздар қауымы үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік, – дейді қоғам белсендісі.

Білім саласының ардагері зайырлы мемлекет қағидаттарының нақты бекітілуі, цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық қатысу мен ашықтықтың күшеюі қазіргі заман талабына толық сай келетінін айтады.

Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, бұл болашақ ұрпаққа қалдырылатын саяси әрі рухани мұра. Әр азамат бұл бастамаға бейжай қарамай, саналы таңдау жасауы тиіс, – деді Самал Амрина.

Билік тармақтарының тепе-теңдігі

Жаңартылған Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту. Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламент пен жергілікті басқару органдарына берілді. Бұл шешім суперпрезиденттік басқару моделінен біртіндеп бас тартып, президенттік-парламенттік жүйеге жақындауды көздейді.

Сонымен қатар Президенттің партияға мүшелігіне тыйым салынуы – мемлекет басшысының бейтараптығын арттырып, саяси процестерге тең қашықтықта болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам.

Конституциялық өзгерістер Парламенттің заң шығару және бақылау функцияларын күшейтті. Мәжілістің Үкіметке ықпал ету тетіктері кеңейіп, депутаттардың жауапкершілігі артты. Ал мәслихаттардың жергілікті деңгейдегі шешім қабылдаудағы рөлі күшейтіліп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға жол ашылды.

Мәжіліс депутаты Динара Наумова талқыланып жатқан Конституция жобасы елдің конституциялық жүйесін қазіргі заманғы талаптар мен қоғамның сұраныстарын ескере отырып одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Динара Наумованың жеке мұрағаты 

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы Конституция мемлекеттің қалыптасуында шешуші рөл атқарып, егемендік негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етті. Сонымен қатар қазіргі әлеуметтік және институционалдық сын-қатерлер мемлекеттік басқару жүйесі мен құқықтық тетіктерді өзгермелі жағдайларға бейімдеуді талап етеді.

Конституция - тек негізгі құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Осы тұрғыда ұсынылып отырған өзгерістер билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты қысқартуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және нақты қоғамдық сұраныстарға бағдарлануға бағытталған, – дейді депутат.

Халық қалаулысы жоба аясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылғанын айтты. Атап айтқанда, сот төрелігінің әділдігін күшейтуге, сондай-ақ азаматтардың мүдделеріне тікелей әсер ететін, оның ішінде цифрландыру жағдайындағы сезімтал салаларда нақты кепілдіктерді қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.

Сонымен қатар депутат мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістерге де тоқталды. Оның пікірінше, Құрылтай түріндегі бірпалаталы Парламентке көшу және Халық кеңесін құру қоғамдық пікірді ескере отырып, шешімдерді неғұрлым жедел әрі сараланған түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама тұрақтылық пен жаңғырудың бір-бірін толықтыра алатынын көрсетіп, орнықты дамуды және азаматтардың сенімін сақтауға жағдай жасайды, – дейді. 

Сонымен бірге жоба билік тармақтарының архитектурасын нақтылауды, оның ішінде вице-президент институтын енгізуді көздейді. Бұл шаралар қазіргі заманғы үдерістердің күрделене түсуі жағдайында мемлекеттік басқару жүйесінің орнықтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Адам құқықтары мен азаматтық еркіндік

Жаңартылған Конституцияда адам құқығы – мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалды. Өлім жазасының толықтай жойылуы, Конституциялық соттың қайта құрылуы – осы бағыттағы ең маңызды қадамдар.

Конституциялық сот азаматтарға өз құқықтарын тікелей қорғауға мүмкіндік береді. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырудың маңызды тетігі.

Конституциялық реформа азаматтық қоғам институттарының дамуына серпін берді. Қоғамдық бақылау, еркін пікір білдіру, бейбіт жиналыстар өткізу құқығы заңнамалық деңгейде кеңейтіліп, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа форматы қалыптаса бастады.

©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Демократиялық даму жолындағы маңызы

Қазақстан Конституциясын жаңарту – бір реттік шара емес, ұзақмерзімді демократиялық өзгерістердің іргетасы. Бұл реформа:

  • биліктің ашықтығын арттыруға,
  • саяси плюрализмді дамытуға,
  • азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, Конституциялық реформаның табысты болуы тек заң нормаларымен ғана емес, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға тікелей байланысты.