12.02.2025
21:45
863
Қазақстан Ислам әлемі мәдениет министрлерінің конференциясына қатысып жатыр

Қазақстан Ислам әлемі мәдениет министрлерінің конференциясына қатысып жатыр

Сауд Арабиясының Жидда қаласында Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы (ICESCO) аясында Ислам әлемі мәдениет министрлерінің 13-ші конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, конференцияға Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше 50-ге жуық мемлекет қатысуда. Олардың арасында Ислам әлемінің мәдени мұра комитетінің мүшесі – Қазақстан да бар. Ел атынан бұл жиынға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов барды.

Халықаралық кездесудің басты мақсаты – өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасында диалог орнату, ислам мәдениеті туралы объективті көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ әділеттілік, бейбітшілік, бостандық және адам құқықтары құндылықтарын насихаттау.

Делегация басшылары конференцияның жұмыс отырысында сөз сөйлеп, осы мақсаттарға жетуге бағытталған бастамалар мен механизмдерді ұсынды.

Аталмыш іс-шараға ICESCO Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше 57 елдің 54-і келген, - делінген мәліметте.

Мәдениет министрлері конференциясының басты мәселесі – Ислам әлемінің мәдени астанасын анықтау. 2025 жылы бұл мәртебелі атақ Өзбекстанның Самарқан қаласына берілді. 13-ші конференцияда Ислам әлемінің 2026 жылғы мәдени астанасы жарияланатын болады.