Қазақстан III Қазан жаһандық жастар саммитіне қатысты

27 Тамыз, 06:13 354

Татарстанның астанасында ІІІ Қазан жаһандық жастар саммиті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істер комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, эколог Мәди Алдабергенов және режиссер Шыңғыс Мақанов қатысты.

Саммиттің негізгі тақырыптары ретінде цифрландыру және жастар саясатының заманауи құралдары талқыланды. Қазан жаһандық жастар саммиті кең қолдауға ие болып, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ерекше назарына ілінді.

Форум аясында Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановтың қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Отырыс барысында қазіргі қоғамдағы отбасы институты, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруы және дәстүрлі құндылықтарды сақтауға қатысты мәселелер қозғалды. Татарстан Республикасындағы «Халықаралық жастар ынтымақтастығы» федералдық жобалық кеңсесінің жұмысы таныстырылды. Келесі жылы Татарстанда Жастар ислам ойындарын өткізу жоспарлануда.

Саммит Татарстан Республикасының Үкіметі, Татарстан Республикасының Жастар істері бойынша министрлігі және «Ислам ынтымақтастығы ұйымының жастар форумы» халықаралық ұйымы тарапынан ұйымдастырылды.

Форумға әлемнің 43 елінің 100-ден астам жастар саясатына жауапты министрліктер мен ведомстволардың басшылары және ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Зарина Арман
Бөлісу: