Қазақстан Халық партиясы сайлауалды штабының жұмысы басталды

23 Қаңтар 2023, 18:46 1352

Бұл туралы партияның баспасөз қызметі мәлім етті

Қазақстан Халық партиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына дайындығын пысықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Партия басшысы Ермұхамет Ертісбаевтың төрағалығымен Республикалық штабтың алғашқы отырысы өтті. Оған қоғамдық пікір көшбасшылары, партия белсенділері мен штаб мүшелері қатысты. Күн тәртібінде партияның алдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына дайындық жұмыстары пысықталды.

Алдымен орталық аппарат басшысы, штаб төрағасының орынбасары Мирас Әукенов ұйымдастыру жұмыстары туралы есеп берді.

«Қазіргі уақытта үгіт-насихат алдындағы келіссөздер жүргізіліп, нақтыланды. Ең бастысы, алдағы дүбірлі додада партия атынан 600 кандидат бақ сынайды. Оның 40 пайызы бір мандатты сайлау округтері бойынша түседі», – деді.

Штаб төрағасы орынбасарының айтуынша, депутаттыққа кандидаттар елге танымал тұлғалар, қоғам белсенділері мен жастар. Ең маңыздысы, өз саласының кәсіби мамандары. Халықтың тыныс-тіршілігімен етене таныс.

Сонымен қатар, отырыс барысында сайлаушылармен алдағы кездесулер жоспары, өңірлерге шығу кестесі әрі көрнекі үгіт құралдарын орналастыру әдістері талқыланды.

Кеңес қорытындысында: – Менің ойымша, бұл парламенттік сайлау науқаны бұрынғыдан айтарлықтай өзгеше. Алғаш рет ақша мен мемлекеттік әкімшілік ресуртардың араласуынсыз әділ сайлау өтеді деп сенеміз. Мұнда тек нақты идея мен тынымсыз еңбек жеңіске жетелеуі тиіс. Біздің партия социалистік идеядағы жалғыз бірлестік. Ал мұны қолдамайтын қоғам, аңсамайтын адам жоқ шығар, – деді штаб төрағасы Е.Ертісбаев.

Айта кетерлігі, алдағы күндері партияның кезектен тыс съезі өтеді. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың тізімі жарияланады.

EL.KZ
Бөлісу: