«Қазақстан халқына» қоры үшінші балаға экзоскелет табыстады

2 Қараша 2022, 11:12 1792

Құрылғының көмегімен 11 жасар Санжар Серік үйде бұлшық еттерін дамытып, жүруді үйренетін болады

Сал ауруына шалдыққан үшінші бала «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бағдарламасы аясында экзоскелет алды. Құрылғының көмегімен 11 жасар Санжар Серік үйде бұлшық еттерін дамытып, жүруді үйренетін болады, деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтің қорының ресми сайтында жарияланды.
Санжар көпбалалы отбасынан шыққан. Ақмола облысының Талапкер ауылында тұрады. Әкесі Мәди Әпендиннің айтуынша, екі жасында дәрігерлер балаға церебральды сал ауруы диагнозын қойған. Содан бері түрлі мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдарда емделіп, оңалтудан өткен. Баласының аяққа тұруын тілеген ата-ана, тіпті, халық емшілеріне де жүгінген екен.

«Кез келген ата-ана секілді, біз де әртүрлі емдеу жолдарын іздедік, ешқашан мойыған емеспіз. Сондықтан экзоскелеттен үмітіміз зор. Осыған дейін ата-аналар мен мамандардан экзоскелеттің тиімділігі туралы естігенбіз. Оның көмегімен өздігінен жүре бастаған балалар бар екен», - дейді Мәди Әпендин.

Қазір Санжар жүріс құралымен жүре алады. Боксқа қызығушылығы жоғары. Құрдастарымен бірге спорт секцияларына қатыса алатын сәтті асыға күтуде. Қазір болса үйде бокстың әдістерін меңгеруде.

«Мен де бәрі сияқты аяқ басып жүргім келеді. Үйде ағаммен жекпе-жек жасаймыз. Бірақ спорт үйірмелеріне жеке қатысып, барғым келеді», - дейді Санжар.

Спортпен қатар, ол көркем әдебиетке қызығушылық танытып, журналист болуды армандайды.

«Мен журналист атанғым келеді. Теледидардан жаңалықтарды көргенді ұнатамын. Өскенімде Ерқанат Көпжасар сияқты жүргізуші болғым келеді. Маған оның бағдарламаны қалай жүргізетіні өте ұнайды», - деді Санжар Серік.

Бес күн ішінде Санжар Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында (БОҰО) әкесімен, дәрігерлермен, «Mbionics» отандық өндіруші компаниясының мамандарымен бірге экзоскелетті сынақтан өткізді. Тестілеу және оқыту қорытындысы бойынша, сондай-ақ БОҰО жанындағы пәнаралық топтың мақұлдауы бойынша экзоскелет берілді.

EL.KZ
Бөлісу: