15.10.2025
12:45
692
Қазақстан халқы жомарттық жағынан АҚШ-ты басып озды

Қазақстан халқы жомарттық жағынан АҚШ-ты басып озды

Қазақстан халқы жомарттық деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 30-орынға ие болды. Бұл жөнінде Charities Aid Foundation (CAF) халықаралық ұйымы жасаған есепті негізге ала отырып Ranking.kz мәлімдеді, деп жазады El.kz интернет порталы.

Әлемдегі ең жомарт елдер кімдер?

Рейтингке сәйкес, қазақстандықтар табысының шамамен 1,2 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға дайын.

Айта кетерлігі, Қазақстан тұрғындарының жомарттық деңгейі кейбір дамыған елдерден – АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерландтан да жоғары болып шыққан.

Кіріс деңгейі төмен елдерде халық табысының үлкен бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтыны байқалады. Сондықтан рейтингтің алғашқы бестігіне бірден төрт африкалық мемлекет кірді: Нигерия (2,8%), Мысыр (2,5%), Гана (2,2%) және Уганда (2%). Сонымен қатар ең жомарт тұрғындары бар елдердің қатарында Қытай да бар – бұл ел азаматтары табысының 2,2 пайызын қайырымдылыққа береді, - делінген зерттеу қорытындысында.

Жалпы, CAF рейтингіне 101 мемлекет қатысқан.

Жоғары табысты елдерде көрсеткіш төмен

Numbeo порталының деректері де осы үрдісті растайды: табысы жоғары елдер әдетте жомарттық тізімінде соңғы орындарда тұрады.

Мысалы, Германия 0,4 пайыздық көрсеткішпен соңғы орындардың бірін иеленді. Ал әлемде орташа ең жоғары жалақы деңгейі бар Швейцария жомарттық бойынша тек 76-орында тұр – тұрғындары табысының бар болғаны 0,7 пайызын ғана қайырымдылыққа бөледі, – деп көрсетілген ақпаратта.

Мұндай үрдіс қайырымдылық саласында бірнеше жылдан бері байқалып келеді.

Әлем халқының қайырымдылыққа қатысу деңгейі

Африкада халықтың 72 пайызы қайырымдылыққа қатысады (ақша береді немесе ерікті қызмет атқарады);

Еуропада – 59 пайыз;

Солтүстік Америкада – 56 пайыз;

Азияда – 69 пайыз.

Жалпы алғанда, дүниежүзі халқының 64 пайызы қайырымдылыққа ақша немесе уақыт бөледі.

Қайырымдылық қаражаты қайда жұмсалады?

CAF мәліметіне сүйенсек, донорлардың үш түрі бар:

  • 38 пайызы – қаражатты тікелей мұқтаж жандарға береді;
  • 36 пайызы – қайырымдылық қорлары арқылы көмек көрсетеді;
  • 25 пайызы – діни ұйымдарға үлес қосады.

Азияда донорлардың көпшілігі (44%) қаражатын қайырымдылық қорлары мен ұйымдарына аударғанды жөн көреді.

Ал 42 пайызы тікелей көмек беруді немесе волонтерлік қызметті таңдайды.

Азия елдерінде негізгі бағыттар – мұқтаж жандар, гуманитарлық көмек, балалар мен қарттар және діни ұйымдар.

Еуропада басты басымдық – гуманитарлық көмек пен балалар мен жастарды қолдау,

Солтүстік Америкада – үйсіздер, жастар және қарттар,

ал Африкада – діни ұйымдар мен балалар.