Қазақстан халқы жаңа, сапалы Мәжіліс үшін таңдау жасады

20 Наурыз 2023, 01:33 972

Сайлау қорытындысы бойынша «Ақ жол» демократиялық партиясының мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сайлау қортындысы бойынша «Ақ жол» демократиялық партиясының мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгін Парламент Мәжілісі сайлауының қорытындысы жарияланды.  

«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлау лайықты деңгейде және заң талабына сәйкес өтті деп есептейді.

 Бұл қазіргі Қазақстан үшін еркін, ашық және өзінше теңдессіз кампания болды. 

Ашықтық пен бәсекелестіктің мұндай деңгейі Мемлекет басшысының саяси реформалары арқасында мүмкін болды, соның нәтижесінде сайлау жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды: аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз кандидаттардың саяси процеске белсенді араласуына мүмкіндік берді. 

Қатысушыларға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге де, дауыс беру барысын бақылауға да жан-жақты мүмкіндіктер жасалды. 

Біз қызықты да толыққанды электоралды кезеңді өткізіп, сайлаушылармен мыңдаған кездесулер ұйымдастырып, жұмысымыздың дұрыстығы мен өзектілігіне көз жеткіздік.

Қазақстан халқы партиямызға сенім білдіріп, жаңа сапалы Мәжіліс пен мәслихаттардың пайдасына өз таңдауын жасады. «Ақ жол» демпартиясына дауыс бергендердің барлығына, орталықтағы және өңірлердегі мүдделес үзеңгілестерімізге, ауқымды ұйымдастырушылық пен табысты нәтижелер үшін алғысымызды білдіреміз.

Халық сенімінің жаңа мандаты, жаңа күш-қуатпен біз Парламент пен маслихаттардағы жұмысымызды жандандырып, әр қазақстандықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған саяси бағдарламамызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. 

Түбегейлі өзгерістер қажет. Ақ жол, Қазақстан! 

EL.KZ
Бөлісу: