Сенат отырысынан кейін аталған сауалға брифингте қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Ресей газды жеткізу және қайта өңдеу жөніндегі Жол картасына қол қойылған еді. Қазақстан арқылы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау 1 қазаннан басталады.
Бүгін Сенат отырысында осының аясында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыр-жол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қаралды.
Баспасөз брифингінде БАҚ сауалына қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді. Сонымен, үшжақты келісім бойынша Қазақстан бюджетіне қанша қаржы түседі?
Транзит туралы айтатын болсақ, 2021 жылдың дерегі бойынша оның бағасы 666 миллион долларды, ал 2022 жыл бойынша 874 миллион долларды құрады. Біздің еліміз арқылы транзит жүріп жатыр. Бұл біздің газ емес. Транзитті тасымалдау кезінде біздің мекемелер өздеріне табыс табады. Ертең құн, корпоративтік салық төлейді. Қазіргі таңда 14 тамыздан бастап транзит декларациясына сәйкес 6 айлық есептік көрсеткіш бойынша құн енгіздік. Соның барысында бір айдан астам уақытта 2,8 миллиард теңге қазынаға түсті, – деді вице-министр.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Өзбекстаннан табылған газ Қазақстан аумағы арқылы Қытайға шығарылады. Сондай-ақ ол басты мақсат транзиттік мүмкіндікті ұлғайту екенін айтты.
Бізден тек қана транзит өтеді, біздің газ емес. Президент тапсырмасы бойынша салық кедендік рәсімдердің ауыртпашылығын азайтып, электронды түрге ауысу шеңберінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.