Қазақстан ғалымдары АҚШ-та авиация саласындағы беделді сыйлыққа ие болды

Кеше, 23:17 164

Вашингтонда әлемдік авиация саласында жыл сайынғы Air Traffic Control Association (ATCA) 2024 конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара шеңберінде авиациялық саладағы үздік жетістіктерді дәстүрлі түрде атап өтетін беделді ATCA марапаттар бағдарламасы қарастырылды. ATCA марапаттар бағдарламасы үш санатты қамтиды. Оның ішінде әуе қозғалысына қызмет көрсету, индустрия және шағын бизнес, сондай-ақ әскери еңбек жетістіктері бар.

Ұйымдастырушылар 10 номинация ұсынып, жоғарыда аталған санатқа қатысу үшін 40-тан астам елден өтінім келіп түскен. Жыл сайын ATCA конференциясының қорытындысы бойынша «The David J. Hurley Memorial Award for Aviation Traffic Management» номинациясында «Қазаэронавигация» РМК жеңімпаз болып танылды. Бұл ретте, 2023 жылы аталған санатта АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) өкілдері үздік атанған болатын.

«Қазаэронавигация» РМК мамандары «Ақтөбе аудандық диспетчерлік орталығының жауапкершілік аймағында әуе қозғалысына қызмет көрсетуді жақсарту үшін динамикалық секторға бөлуді зерттеу және әзірлеу» тақырыбындағы жобаны ұсынып, ол үздік деп танылды. Ғылыми жұмыстың авторлары «Қазаэронавигация» РМК әуе қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі департаменттің әуе кеңістігін ұйымдастыру бөлімінің жетекші мамандары Нұрсұлтан Томпиев, Әсет Ахметбаев және Мәди Асылханов сынды белгілі ғалымдар.

Динамикалық секторға бөлу әуе кеңістігін оңтайландыруға, авиадиспетчерлерге түсетін жүктемені азайтуға және ұшу ақпараты ауданының әуе кеңістігінде өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Жобада Вороной диаграммасының әдісін пайдалана отырып, Ақтөбе ұшу ақпараты ауданының әуе кеңістігін уақытша бөлудің ғылыми тәсілі қолданылды. Аталған жоба табысты iске асырылған жағдайда, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiндегi басқа да жауапкершiлiк аймақтарында динамикалық секторға бөлуді енгiзу кезiнде осы әдiснаманы қолдану мүмкiндiгі туындайды.

«Қазаэронавигация» РМК мамандары Қазақстанда алғашқы болып беделді халықаралық ATCA сыйлығын алып отыр. Бұл еліміздің авиация саласын дамытудағы және оның халықаралық аренадағы позициясын нығайтудағы тағы бір маңызды қадам болып табылады.

Перизат Саденова
Бөлісу: